Қожамжаров, Кексель және Татубаевқа қатысты тергеу жалғасып жатыр

Бас прокуратура Қайрат Қожамжаров, Олеся Кексель және Талғат Татубаевқа қатысты істер бойынша сотқа дейінгі тергеудің жалғасып жатқанын хабарлады. Бұл туралы NEGE редакциясының ресми сауалына берілген жауапта айтылған.

NEGE

Астана, NEGE. Ведомствоның мәліметінше, Бас прокуратура жанынан құрылған ведомствоаралық жедел-тергеу тобы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы басшылары мен лауазымды тұлғаларына қатысты істі әлі тергеп жатыр.

«Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеудің өзге деректері жария етілмейді», – деп қысқа қайырды Бас прокуратураның Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі бастығының орынбасары Н. Ережепов.

Еске салайық, 2025 жылдың қыркүйегінде Бас прокуратура Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталғанын хабарлаған еді. Ол басшылық қызметтерде болған әртүрлі кезеңдерде лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деген күдікке ілінген.

Бас прокуратураның сол кездегі хабарламасында Қожамжаров «Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы» ретінде көрсетілген. Айта кетейік, ол бұл лауазымды 2008-2012 жылдары атқарған, кейін 2017-2019 жылдары Бас прокурор болған.

Ал 2025 жылдың жазында Талғат Татубаев пен Олеся Кексель азаптау ісі бойынша күдікті деп танылды. Татубаев бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросын басқарған. Ал Кексель сол бюроның Тергеу департаменті басшысының орынбасары және кейін Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің жетекшісі болған.

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев журналистерге Татубаев пен Кексельдің әртүрлі істер бойынша тергеліп жатқанын айтқан.

Айта кетейік, Олеся Кексель кезінде бірқатар қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыстық істерді жүргізген. Олардың қатарында бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың (жемқорлыққа қатысты) істері бар.