Костенко шахтасындағы жарылыс: апелляциялық соттың қаулысы шықты
Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 46 адам қаза тапқан Костенко шахтасындағы жарылыс фактісі бойынша қылмыстық істі қарады.
Астана, NEGE. 17 желтоқсанда сот алқасы шахтаның басшылығы мен техникалық қызметкерлерінен тұратын он адамға қатысты шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды.
«Сот алқасы сотталғандар мен олардың адвокаттарының шағымдары бойынша келіп түскен қылмыстық істі қайта қарап, апелляциялық тәртіппен бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Бірінші сатыдағы соттың үкімі заңды күшіне енді», – делінген Қарағанды облыстық соты таратқан хабарламада.
Айта кетейік, 2023 жылғы 28 қазанда Қарағандыдағы Костенко шахтасында жарылыс болып, 46 кенші қаза тауып, жиырмадан астам адам түрлі дене жарақатын алған еді.
Осы оқиғадан кейін шахта басшылары мен инженерлік-техникалық қызметкерлерді қоса алғанда, он адам сотқа тартылды. Оларға Қылмыстық кодекстің екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу бабы бойынша айып тағылды.
Биыл 15 тамызда осы адамдарға қатысты Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан аудандық сотының үкімі шықты. Сот үкімімен шахта директоры Сергей Мустивко 8 жылға, шахта директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Вадим Ерёмин 7 жылға, бас инженер Николай Грознов 7 жылға, №6 учаске бастығы Виктор Коптенков 7 жылға, техникалық қызметтің қазу жөніндегі бас инженерінің орынбасары Владимир Гонноченко 6 жыл 6 айға, еңбек қауіпсіздігі жөніндегі бас инженердің орынбасары Дмитрий Федоренко 6 жылға, бас механик Дмитрий Коцар 6 жылға, учаске бастығының шаң-жарылысқа қарсы қорғау жөніндегі көмекшісі Виталий Пестряк 6 жылға, конвейерлік көлік учаскесінің бастығы Төлеген Ғабдушев 5 жылға, желдету және еңбек қауіпсіздігі учаскесінің бастығы Владимир Шишканов 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.