Қостанайда жаңа Конституцияның қоғамдағы рөлі мен өңір дамуына ықпалы талқыланды
Қостанайда өткен сараптамалық алаңда жаңа Конституцияның ел дамуы мен қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызы кеңінен сөз болды. «Халықтық Конституция – ұлттық құндылықтар мен бірліктің айнасы» тақырыбындағы басқосуға Парламент депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері, сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен саяси партия мүшелері қатысты.
ҚОСТАНАЙ. Іс-шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жаңа Конституцияның мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашқанын атап өтті.
«Жаңа Конституция – қоғамның әділеттілікке, тұрақтылыққа және жаңғыруға деген сұранысының нақты көрінісі. Референдум қорытындысы бойынша Қостанай облысы тұрғындарының 90 пайызы оны қолдап, 435 мыңнан астам адам дауыс берді. Бұл – халық сенімінің жоғары деңгейін көрсетеді», – деді ол.
Спикердің айтуынша, жүргізіліп жатқан реформалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал етіп отыр. Бүгінде Қостанай облысында өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік сектор және әлеуметтік инфрақұрылым бағыттарында тұрақты өсім байқалады.
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ өз сөзінде жаңа Ата заңның қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді күшейткенін жеткізді.
«Ата заң – мемлекеттің алтын діңгегі. Ең бастысы, ол қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтады. Жаңа Конституция арқылы біз осы сенімді нақты құқықтық тетіктермен бекіте алдық», – деді депутат.
Оның айтуынша, жаңа Конституция адам құқықтары мен бостандықтарын, таңдау еркіндігін негізгі құндылық ретінде айқындап, мемлекетті сол қағидаттарға кепіл болуға міндеттейді.
Сарапшылар мен қоғам өкілдері жаңа Конституция ел тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, өңірлердің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.
Іс-шара соңында ел дамуына, қоғамдық келісімді нығайтуға және жаңа Конституция қағидаттарын ілгерілетуге үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды.