Қостанайда үш адам қаза тапқан жарылысқа кінәлі адам жауапкершіліктен босатылды
Оқиға 2023 жылғы 11 желтоқсанда жөндеу боксында болған. Жарылысқа «ГАЗель» көлігіне орнатылған баллоннан газдың шығуы себеп болған.
Астана, NEGE. Қостанайда шеберханадағы газ жарылысынан үш адамның өліміне кінәлі деп танылған азамат қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Бұған қылмыстық жауаптылыққа тарту мерзімінің өтіп кетуі себеп болған.
Жарылыс пен құрылыс конструкцияларының құлауы салдарынан үш адам қаза тауып, тағы бір адамның денсаулығына ауыр зиян келген. Сондай-ақ тұрғын үйлер, өндірістік үй-жайлар және өзге де мүліктер бүлінген. 26 жәбірленушіге келтірілген материалдық залал 240 млн теңгеден асқан.
Сотталушы кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған. Ал мемлекеттік айыптаушы оны кінәлі деп танып, ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуды ұсынған.
«Б. жасаған және көрсетілген баптар бойынша сараланған әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады. Мұндай қылмыстар бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарту мерзімі қылмыс жасалған күннен бастап екі жылды құрайды», – деп хабарлады Қостанай облысының соттары.
Сот ер адамды екі немесе одан да көп адамның абайсызда өліміне себеп болғаны, абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіргені және аса ірі мөлшерде мүліктік залал келтіргені үшін кінәлі деп таныды. Алайда Қылмыстық кодекстің 71-бабына сәйкес, қылмыстық жауаптылыққа тарту мерзімінің өтуіне байланысты оны жауаптылықтан босатты. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.