Қостанайда субсидияға бөлінген 3 млрд теңге жымқырылған: қылмыстық топқа үкім шықты

Қостанайда «Beef Export Group» ЖШС басшысы Пархоменко жетекшілік еткен қылмыстық топ субсидияларды заңсыз алу схемасын ұйымдастырған.

pixabay.com

Астана, NEGE. Қаржы мониторингі агенттігі мәліметінше, ұйымдасқан топ ірі қара малды сатып алу және одан алынған өнімді қайта өңдеу туралы құжаттарды жалған рәсімдеу арқылы мемлекеттік бағдарлама аясында жүйелі түрде субсидия алып отырған. Ал субсидияларды заңсыз алу схемасын іске асыру үшін олар Ауыл шаруашылығы басқармасының лауазымды тұлғаларымен және аудандық деңгейдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен және ветеринариялық мамандарымен келісімге келген.

«Түскен қаражат жалған жеткізілген мал үшін төленгендей көрсетіліп, ақпараттық жүйелерге енгізілген. Кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, жалған өнім үшін төлем ретінде бақылаудағы ұйымдардың шоттарына қайта аударылған», – дейді ҚМА өкілдері.

Қылмыстық әрекетті заңды түрде көресту үшін жалған бухгалтерлік құжаттар рәсімделіп, солардың негізінде субсидия алуға қайта өтінімдер берілген. Салдарынан мемлекетке 3 млрд теңгеден астам залал келтірілді.

Тергеу барысында күдіктілер 107 млн теңгеден астам қаражатты ерікті түрде қайтарды.

Сот үкімімен ұйымдастырушы А.Г. Пархоменко 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық топтың қалған 14 қатысушысына 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар жалпы құны 3 млрд теңге болатын мүлік, оның ішінде 1,3 млн АҚШ доллары және 700 млн теңге тәркіленді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Қазір оқып жатыр

Ұлытауда төрт баланың анасы азаматтық некедегі күйеуінің қолынан қаза тапты

«Әр баладан 200 мың теңгеден жинап жатыр»: алматылық ана Президентке шағымданды

Наурыз ҰБТ-сы тапсырмаларынан 17 қате анықталған

ШҚО-да сот ұсталған депутаттың компаниясын тас жолды қайта жөндеуге міндеттеді