Қостанайда 5 жасар баланы өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды

Қостанай облысының Әулиекөл ауданында бес жастағы баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Баланы өлтірді деген күдікпен ер адам тұтқындалды.

NEGE/Christopher Hopefitch /Getty Images

Астана, NEGE. Қайғылы оқиға 26 қазанда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, баланың басы мен денесіннен көптеген жарақат іздері анықталды.

Болған жағдайға байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігімен («Кәмелетке толмаған баланы өлтіру») сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті оқиға болған күні ұсталған.

«Қазіргі уақытта іс бойынша тиісті тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу барысы облыстық прокуратураның бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады Қостанай облысының прокуратурасы.

Жергілікті тұрғындар баланың өліміне әкесінің қатысы болуы мүмкін екенін айтады. Алайда құзырлы органдар әзірге бұны ресми растаған жоқ.

Қостанай облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Несібелі Басенованың айтуынша, бала балабақшаға барған. Ол 2026 жылдың наурыз айынан бастап әкесімен бірге тұрған. Ал оған дейін бүлдіршін әжесінің қолында болды. Баланың анасы ата-ана құқығынан айырылған.

Қазір отбасының тиісті органдардың есебінде тұрған-тұрмағаны анықталып жатыр. Егер күдіктінің кінәсі сотта дәлелденсе, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.