Қостанай облысының әкімдігі 318 миллион теңгеге «буханка» сатып алды
Қостанай облысында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ел арасында «буханка» аталып кеткен УАЗ-452 маркасындағы жедел жәрдем көліктері табысталған.
Алматы, NEGE. Жергілікті бюджеттен бұл мақсатқа 320 миллион теңге бөлінген.
Қостанай облысының әкімдігі аталмыш жағдайға қатысты пікір білдірді. Олар УАЗ «буханка» көлігін қолайлы әрі арзан болғаны үшін таңдадық деп түсіндірді.
«Ауылдық елді мекендерге арналған жедел жәрдем автокөліктерін таңдау кезінде олардың тиімділігі, бюджет қаражатын ұтымды және нақты пайдалану жағдайларына сәйкестігі ескеріледі. Ауылдық жерлердегі жол инфрақұрылымының жағдайын ескере отырып, негізгі талаптарға – жол талғамайтын, қолжетімді және ой-шұңқырлы жолдарға бейімделген – УАЗ маркалы автокөлікті сатып алу туралы шешім қабылданды. Бұл көлік техникалық қызмет көрсетуге жеңіл, сенімді және көп функциялы. Сол себепті олар шалғай және бару өте қиын болатын аймақтарға медициналық көмек көрсету үшін ең қолайлы шешім болып отыр. Бір УАЗ автокөлігінің бағасы шамамен – 16 миллион теңге», – деп хабарлады Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімдігі түсіндіріп өткендей, қытайлық үлгідегі осыған ұқсас автокөліктің ешқандай жабдықсыз бағасы шамамен 33 миллион теңге тұрады, ал медициналық жабдықтармен толық жабдықталған реанимобильдің бағасы кемінде 63 миллион теңге болады.
«Сонымен қатар, УАЗ автокөлігі техникалық сипаттамалары алғашқы медициналық көмекті тікелей оқиға орнында жедел әрі тиімді көрсетуге мүмкіндік береді. Өңірдің географиялық және жер бедері ерекшеліктерін, елді мекендердің бір-бірінен қашықтығын ескере отырып, бұл маркалы көлік қажетті жерге жетуге қабілетті. Сол себепті медициналық көмекті дер кещінде көрсетуге таптырмас құрал», – деп түсіндірді шенеуніктер.
Олардың айтуынша, қазіргі заманға сай 50 реанимобиль сатып алу үшін шетелдік азиялық модель негізінде лизинг шарты жасалып жатыр.
«Бұл көлік жедел медициналық көмек көрсетуге қажетті заманауи стандарттарға сай келіп, қарқынды терапия жүргізуге қажетті барлық жабдықтармен жабдықталған. Осылайша қабылданып жатқан шаралар ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғау ісінде тиімділік, сапа және үнемділік арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған», – деп толықтырды облыс әкімдігі.
Қолданушылар бұл көліктің әрдайым сенімді бола бермейтінін және бұл модельдің кеңес дәуірінде, XX ғасырдың ортасында жасалғанын атап өтті.