Қостанай облысында Тобыл өзеніне ер адам мен кәмелетке толмаған қыз батып кетті
Қостанай облысында Тобыл өзеніне ер адам мен кәмелетке толмаған қыз батып кетті. Қайғылы оқиға Нечаевка ауылы маңында болған, деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаменті.
Астана, NEGE. Құтқарушылар екі күн бойы іздестіру жұмыстарын жүргізген. Алғашқы күні сүңгуірлер кәмелетке толмаған қыздың денесін тауып, судан шығарды. Ер адамды іздеу келесі күні де жалғасты. Кейін оның да денесі табылды.
Әлеуметтік желідегі пікірлердің бірінде қаза тапқан қыздың 12 жаста болғаны жазылған. Пікір авторы қызды алғыр, тәрбиелі әрі қарапайым бала деп сипаттап, оның олимпиадаларға қатысқанын және инженерлік модельдеу бойынша бірнеше байқауда жеңімпаз болғанын айтты.
Екі күн ішінде құтқарушылар Тобыл өзенінің жағалауын жаяу аралап, шамамен 2,5 шаршы шақырым аумақты тексерді. Дронның көмегімен 12 гектардан астам аумақ қаралды. Ал сүңгуірлер су түбінің 39 мың шаршы метрін зерттеген.
Іздестіруге ТЖД мен полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, еріктілер және ауыл тұрғындары жұмылдырылды.
Іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды.