Қостанай облысында колледждің 45 студенті оқудан шығарылып, директоры жұмыстан босатылды

Қостанай облысы Қарабалық ауданының прокуратурасы Қазақстан агротехникалық колледжінде бірқатар заңбұзушылықты анықтады.

yandex.kz

Астана, NEGE. Прокуратураның хабарлауынша, тексеру барысында 45 студент сабаққа іс жүзінде қатыспаса да, колледжде білім алушылар қатарында тіркеліп келген. Салдарынан бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған.

Сонымен қатар бес жыл бойы қалдық құны нөлге тең көлік құралдарын есептен шығару бойынша шаралар қабылданбаған. Бұған қоса 65 студент тұратын жатақхананың техникалық жағдайынан кемшіліктер анықталған.

«Прокурорлық ықпал ету шараларының нәтижесінде 45 студент оқудан шығарылып, 7 оқытушы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, ал колледж директоры атқарып отырған қызметінен босатылды», – делінген қадағалаушы орган таратқан хабарламада.

Қазіргі уақытта, прокурорлардың мәлімдеуінше, негізгі құралдарды есептен шығару рәсімі басталып, жатақхананы жөндеуге арналған жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.