Қостанай облысында ер адамға қасқыр тап болды

Оқиға 23 қараша күні кешкі уақытта Қостанай облысы Жангелдин ауданының Ақкөл ауылында болған.

pixabay.com

Астана, NEGE. «ТоболИнфо» ақпаратынша, қасқыр ер адамның қолына жармасқан. Жарақатына қарамастан, ол жыртқышты көшенің жарық жеріне дейін сүйреп апарған. Сол кезде көршілері көмекке ұмтылып, ер адамды қасқырдан арашалап алып, жыртқышты өлтірген.

Балғабай ауылдық округінің әкімі Балғабай Қалиевтің айтуынша, зардап шеккен азамат жергілікті тұрғын емес. Ол ата-анасына қонаққа келген. Кешкісін қонаққа бара жатқанда көшеде қасқырға тап болған.

Жараланған ер адам жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға жеткізілген. Алайда онда хирург маман болмағандықтан, ер адамды әрі қарай емдеу үшін Арқалық қаласына жіберуге тура келген.

Жангелдин аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Эльмира Маметованың айтуынша, науқас ауруханаға түскен кезде шок жағдайында болған.

«Алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, Арқалыққа жіберілді. Себебі бізде хирург жоқ. Қазір науқастың жағдайы тұрақты. Тұманға байланысты жолға шамамен бес сағат кетеді», – деді ол.

Ауыл әкімінің сөзінше, бұл ауданда жыртқыштардың елді мекенге келуімен байланысты алғашқы жағдай емес. Әсіресе күзде ауылдарға қасқыр, түлкі мен қабан жиі түседі.