30 августа 2024 г. 19:57

Көшпенділер ойындары: Түркістаннан "Бірлік керуені" елордаға аттанды

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Түркістан облысынан "Бірлік керуені" Астана қаласына V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жолға шықты, деп хабарлады Almaty.kz.

Алматы, NEGE. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев көкпардан Азия, әлем чемпионы, Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының мүшесі Ғалымжан Изжановқа торсықты тапсырып, қатысушыларға жеңіс тіледі.

"Әр облыстың белігілі спортшылары бастаған керуен жергілікті жердегі қасиетті бұлақтар мен құдықтардан су алып, арнайы торсықпен Астана қаласына жеткізеді. Осыған орай, су алу рәсімін өткізуде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішіндегі Құдықханабұлақ көзі таңдалып отыр. Мен осы орайда, көшпенділер ойындары өтетін негізгі алаңға облыстың ыстық сәлемін, қасиетті суды жеткізетін керуенге сәттілік тілеймін!", – деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары спорттың 21 түрінен өтеді. Оған әлемнің 89 елінен 2000-ға жуық спортшы, бапкерлер мен өкілдер қатысып, негізгі жүлделерді сарапқа салмақ. Оның ішінде спорттың 13 түрі бойынша Қазақстан құрамасының сапында Түркістан облысынан 29 спортшы қатысады.