19 октября 2023 г. 9:25

Көшпенділер ойыны: 8 млрд теңге қайда жұмсалады?

Фото:

V Дүниежүзілік Көшпенділер ойынының тек ұйымдастыру жұмыстарына 8 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл туралы сәрсенбіде өткен парламент мәжілісінің отырысы кезінде депутат Жанарбек Әшімжан айтты. Алайда, бізге сұхбат берген сарапшылар бөлінген ақшаның нақты қайда жұмсалып жатқаны жария әрі ашық болуы керек деп отыр.

18 қазанда өткен мәжіліс отырысында депутат Жанарбек Әшімжан өз сөзін Қазақстан-Финляндия арасындағы футбол ойындарындағы Қазақстан құрамасының жеңісімен құттықтаудан бастап, Дүниежүзілік Көшпенділер ойынына ойысты. 

    – «Бұл – әлемдік этномәдени және этноспортты, ұлттық ойындарды жаңғыртуға арналған аса маңызды аламан. Ең алғаш 2014 жылғы Қырғыз елінде өткен додада 19 елден 583 спортшы ғана бақ сынаған. Кейін бұған дүниежүзінің назары ауды...», – деген Жанарбек Әшімжанды шараға қызу дайындық жүріп жатпағандығы алаңдатады.

Депутаттың сөзінше тек қана шараны ұйымдастыру жұмыстарына 8 млрд теңге қарастырылған. Бірақ басты сайыстар өтетін нысан ретінде Астана қаласындағы «Астана-Арена», «Қазанат» иппадромы, «Жекпе-жек» сарайы және «Алау» мұз сарайы бекітілген, алайда инфрақұрылымдарды реттеуге бір тиын бөлінбеген. Жанарбек Әшімжан шара елдегі ұлттық спортты дамытып, келуші туристердің санын көбейтеді деп есептейді.

Депутат Ж.Әшімжаннан кейін іле-шала сөз кезегін алған депутат Данияр Қасқарауов «соңғы Азияда ойындарындағы еліміздің көрсеткіші көңілімізге қаяу түсірді» деп бастап, бірқатар спорт саласындағы проблемаларды айта келе, мемлекеттен спортқа бөлініп жатқан қаражат орынсыз жұмсалуда деп сынады:
 

    –  «Бірінші, соңғы жылдары спорт министрлігін мүлдем спортқа қатысы жоқ кәсіби спортты тек теледидардан көретін лауазымды шенділер басқарап келді.

Екінші, спорт ұйымдары, министрлік, Ұлттық олимпиада және федерациялар арасында байланыс жоқ. Үшінші, бізде бітпейтін легионерлердің жыры. Елімізде үздік нәтижеге қол жеткізу үшін барын салып, еңбек етуге әзір өз спортшыларымыз жетерлік.

Легионерлеоге иек арта бармей, өзіміздің спортшыларға жол ашу керек. Төртінші, ауылдарда кәсіби спортты жоқ деуге болады. Таланттар жетеді, бірақ инфрақұрылым жоқ, себебі, жағдай жасалмаған».

Ал V Дүниежүзілік Көшпенділер ойынын ұйымдастыруға ғана жұмсалғалы отырған 8 млрд теңге спорт тілшісі Аслан Қаженов үшін тым көп екен. Ол бізге берген сұхбатында бұл қаражат орынды жұмсалмай қалуы мүмкін деген алаңдаушылығын білдірді. 

     – «8 млрд деген өте үлкен сома. Мұны асыра шығын деп ойлаймын. Біз бар, сіз бар және қоғам бар, депутаттар бар, барлығымыз осы 8 млрд теңгенің нақты қайда жұмсалғанын талап етуіміз керек.

Ол мемлекеттің ақшасы, халықтың ақшасы! Ол ақша қандай спорт нысанын салуға, қанша жылқы сатып алуға кетті немесе қанша спортшының қонақүй шығынына және сыйақысына жұмсалды? Егер жариялылық болып, қоғам талқысына түссе, онда бұл сомма күрт қысқаруы мүмкін.

Әзірге біз қандай нақты шаралар өтетінін білмейміз. Ашылу салтанаты қалай өтеді? Көп шығындар сондайға кетеді. Жасалған іс-шаралар сол той тойлаумен, жарыс өткізумен біте ме, әлде ары қарай жалғасын таба ма? Инфроқұрылым салынса ары қаратай тиімді қолдана ала ма? Қаңырап бос тұрып, керексіз болып қалмай ма? Соның барлығын жіті ескеру керек және жауаптылар ел алдында есеп беруі тиіс деген ойламын. Өйткені президенттің өзі тапсырып, жіті қадағалап отыр. Үлкен иммидждік жоба деп бағасын берді. Ал енді оны орындауда бұрмалап, артын сиырқұйымшақтатып, үлкен ақшаны жан-жақтан жұлмалап, асап қалуға тырысатындар табылмай ма деген күдік те бар. Бұған дейін не бір жағдайлар болды. Соның барлығы ескерілсе екен».

Бірақ Аслан Қаженов әсіресе, халықаралық, құрлықтық және әлемдік деңгейдегі жарыстар елдегі инфроқұрылымдарды түзеп алуға, сосын спортшылардың жұлдызын жағуға және мықты спортшылармен жарысып, тәжірибе жинауға зор мүмкіндік деп есептейді:

    – «Мұндай шаларады барлық елдер сол мақсатта ұйымдастырады. Көшпенділер ойыны біздің елде өтетінін ең алғаш естігенде қуанғандардың бірі мен болдым. Себебі бізде Ұлттық спорттың жағдайы өте мүшкіл. Бұл жарыс серпін беріп, назар аударады және қажетті ипподромдар мен басқа да жарыс алаңдары салынып, осы саланың өзі де, жүйесі де түзеліп қала ма деген үмір бар».

Айта кетсек, V Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны 2024 жылдың қыркүйегінде Астанада өтеді деп жоспарланған. Қазірдің өзінде Көшпенділер ойынына қатысуға 20 спорт түрі бойынша 73 ел өтініш берген. 100-ден аса елден 3000-нан аса спортшылар қатысады деп жоспарлануда.

Тегтер: