26 сентября 2025 г. 22:23

Қошанов: Президенттің ЖИ саласындағы идеялары ел дамуына жаңа серпін береді

Фото: Фото: Мәжіліс

Мәжілісте Қазақстандағы жасанды интеллектіні дамыту мәселелеріне арналған Парламенттік тыңдалым өтті.

Алматы, NEGE. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектіні дамыту маңыздылығын бірнеше рет атап өткенін еске салды. Ол туралы Мемлекет басшысы БҰҰ-ның 80-сессиясындағы баяндамасында да, сондай-ақ жуырдағы Қазақстан халқына Жолдауында да айтқан болатын. Жолдауда Президент үш жыл ішінде Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды.

– Бізге жасанды интеллектінің қазақстандық моделі қажет. Мемлекет басшысы алдымызға осындай міндет қойып отыр. Ол – азаматтарымыз үшін қауіпсіз, экономикаға тиімді, ұлттық мүдделерімізге сай болып, еліміздің прогрессивті дамуына серпін беруге тиіс. Бұл – жай ғана жарыс емес, ақыл-ой мен білімнің бәсекесі. Ол бәйгеде озық елдердің қатарында болуға біздің мүмкіндігіміз жеткілікті. Осы жолда бүгінгі тыңдалым жасанды интелектіні жаппай енгізу ісіне өзіндік үлес қосады деп сенемін, – деді Ерлан Қошанов.

Фото: Мәжіліс

Мәжіліс спикерінің айтуынша, бүгінде жаһандық деңгейде технологиялар жарысы жүріп жатыр. Осы орайда жасанды интеллектіні қолдану этикасы мен қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуі қажет. Бұл күні кеше Мәжілісте қабылданған заңда көрініс тапты. Ол сондай-ақ жасанды интеллект технологияларының еңбек нарығына, білім беру саласына және нақты экономиканың секторларына тигізіп жатқан тиімді ықпалын мысалға келтірді. Спикердің пікірінше, жасанды интеллект қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы мен басқа да салалардың болашағы ғана емес, бүгініне айналуға тиіс.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдану бойынша қолдайтындар да, оған қарсы шыққандар да болып, қоғамның екіге бөлінуі – тағы бір маңызды жайт. Осы тұрғыда Палата спикері жасанды интеллект мұғалімнің орнын алмастырмай, оның көмекшісі болуы маңызды екеніне тоқталды.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов Жасанды интеллект туралы заңның қабылдануы – Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асырудағы алғашқы қадам ғана екеніне назар аударды. Алда барлық мемлекеттік орган мен жұртшылықты бірлескен ауқымды жұмыс күтіп тұр.

– Мемлекеттік органдар құқықтық актілер мен этикалық нормаларды әзірлеуге кіріседі. Бұл ретте тепе-теңдікті сақтау маңызды. Осы саланы шамадан тыс реттеп жібермей, оның дамуына қолайлы орта қалыптастыру қажет. Өз кезегінде, депутаттық корпус бұл мәселе бойынша үйлестіруші рөлін әрі қарай да атқаруға дайын, – деді Мәжіліс спикері.

Спикер цифрландыруда үлкен серпіліс жасауға уақыт аз екенін атап өтті.

– Әр минут қымбат. Мемлекет басшысы үш жылдық нақты мерзімді белгілеп берді. Сондықтан әр салаға арналған нақты жол карталарын әзірлеу аса маңызды. Бұл жұмысқа мемлекеттік органдармен бірге Мәжілістің салалық комитеттері де атсалысуға әзір, – деді Ерлан Қошанов.

Сонымен бірге ол көрсеткіштер қумай, адамдардың күнделікті тұрмысына пайдасын тигізетін шешімдер ұсынуға шақырды.

Мәжіліс төрағасының пікірінше, әрбір жоба нақты пайда әкеліп, қоғамның тұрақты дамуына ықпал етуге тиіс.

Фото: Мәжіліс

Тыңдалым барысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің міндетін атқарушы Жаслан Мәдиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Дүниежүзілік экономикалық форумның сарапшысы Хенрик фон Шейл, IT-компаниялардың өкілдері мен сарапшылар сөз сөйледі.

Парламенттік тыңдалым аясында жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және инновациялар саласындағы жобалар көрмесі өтті. Мемлекеттік органдар мен IT-компаниялар мемлекеттік қызметтер мен құқық қорғау жүйесінен бастап, медицина, білім беру, логистика және құрылысқа дейінгі 20-дан астам жоба ұсынды.