Коронавирустың тарағанын алғаш айтқан дәрігер көз жұмды
Қауіпті індеттің тарағанын ең алғаш болып 2019 жылы жариялаған Қытай дәрігері Ли Вэньлиан қайтыс болды. Ақпаратты Қытайдың мемлекеттік «Женьминь Рибао» газеті растады, деп хабарлайды bbc.
Алматы, NEGE. Ли Вэньлиан Ухандағы ауруханада офтальмолог болып жұмыс істеген. 2019 жылдың желтоқсан айында ол белгісіз аурудың тарап бара жатқанын байқап, оның қоздырғышы SARS коронавирусына ұқсас екенін мәлімдеген. Мұны 30 желтоқсанда өткен жиын кезінде әріптестеріне ескерткен. Алайда төрт күннен кейін дәрігерді Қоғамдық Қауіпсіздік қызметі шақырып, тергеуге алады. Осыдан кейін дәрігер «жалған ақпарат таратқанын» мойындауға мәжбүр болса керек. Сол кезде полиция жалған ақпар таратып, жұртты дүрліктіргені үшін 8 адамның жауапқа тартылғанын хабарлаған.
Қаңтар айының соңында, яғни, коронавирустың күш алған кезінде Ли Вэнлиань Қытайдың Weibo әлеуметік желісі арқылы өзінің де індет жұқтырғанын хабарлаған. Билік дәрігерден кешірім сұрағанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Ли Вэнлиань бейсенбі күні көз жұмды делінген ақпаратта.