«Коронавирустан қаза болды» деп жаздыру үшін пара бергені рас па?
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жалған ақпараттың таралуына жол бермеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы, NEGE. Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында 17 жасар қала тұрғынының аккаунтында Instagram әлеуметтік желісінде полицейлер қайтыс болған зейнеткердің туыстарына ақша ұсынады деп жазылған пост табылды. Онда қайтыс болудың себебін – коронавирустық инфекция деп көрсету үшін туыстарына 100 мың теңге ұсынылды. Жедел уәкілдер бұл ойдан шығарылған ақпаратты Петропавл қаласының тұрғыны өз парақшасына көп адамдардың назарын аударту үшін орналастырғанын анықтады. Полиция департаменті қызметкерлері түсіндіру жұмысын жүргізгеннен кейін, қыз тез арада парақшасындағы жалған ақпаратты жойды. Профилактикалық жұмысқа ювеналдық полиция қызметкерлері де қосылды. “Кәмелетке толмаған қала тұрғынымен профилактикалық әңгімелесу жүргізілді, ал оның анасына қатысты ҚР ӘҚтК “Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру жөніндегі міндеттерді орындамау 127-бабы бойынша материал жиналды”, – дейді Петропавл қ. ПБ ювеналдық полиция бөлімінің басшысы Эльмира Абушева. Полицейлер жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 478-бабы бойынша 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғатын жазаны көздейді.