Коронавирус: Түркілер әлемді індеттен құтқаруы мүмкін
Германияның BioNTech компаниясы мен оның америкалық әріптесі Pfizer Inc COVID-19-ға қарсы бірлесіп әзірлеген жаңа вакцинаның тиімділігі сынақ барысында 90 пайызды көрсеткен. Ал осы вакцинаны дайындаған BioNTech компаниясының негізін қалаған – Германияға қоныс аударған түрік азаматтары.
Pfizer мен BioNTech – коронавирусқа қарсы вакцинаны кең ауқымды сынақ барысында оң нәтижеге қол жеткізгенін жариялаған тұңғыш дәрі-дәрмек өндірушілер. Компания өкілдері күні бүгінге дейін сынақ барысында вакцина еккен еріктілердің ешбірінің денсаулығында кінәрат анықталмағанын мәлімдеуде. Қос компания құзырлы органдардан осы айдың ішінде вакцинаны пайдалануға рұқсат алудан үмітті. Pfizer келесі жылы 1 млрд 300 млн дана вакцина әзірлеуге дайын.
Мұнай мен вакцина
Осы жаңалықтан кейін мұнай бағасы күрт өсіп кетті. Соңғы дерек бойынша «қара алтынның» бағасы 10 пайызға көтерілген. Әлемнің қор және қаржы нарықтары да жаңа вакцина туралы жаңалықты қуанышпен және өсіммен қарсы алды. Коронавирустың екінші толқынынан үрейленген инвесторлар да жақын болашаққа үмітпен қарай бастаған секілді. Оның айқын дәлелі әлемнің басты валюталары – доллар мен еуроның өзге валютаға бағамы соңғы бір жылда тұңғыш рет төмендеді.
Еуропа комиссиясы Pfizer мен BioNTech компанияларынан 300 млн дана вакцина сатып алу туралы келісімге қол қоюды көздейді.
Бұл жаңалық коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеумен айналысып жатқан өзге ірі компанияларға да елеулі әсер етті. Олар енді шұғыл түрде вакцина нарығынан қомақты үлесін қарпып қалуға жанталасуда. Қытайдың Sinovac, Sinopharm және CanSino Biologics секілді үш бірдей компаниясы Қытай билігінің саяси қолдауымен қазір 15 елде вакциналарын сынап жатыр. Қытай компаниялары бірінші кезекте Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін вакцинамен қамтамасыз етуге дәмелі.
АҚШ үкіметі өздерінде дайындалып жатқан Novavax COVID-19 вакцинасын қолдануға едел-жедел рұқсат бере қойды. Бұл вакцина Ұлыбританияда қарашаның соңына қарай сынақтың үшінші кезеңінен өтеді деген ақпар шықты. Pfizer мен BioNTech-тің вакцинасының тиімділігін АҚШ-тың бас инфекционисті Энтони Фаучер де мойындағанымен, америкалық Moderna компаниясы әзірлеп жатқан вакцина да «тиімділігі жағынан еш қалыспайтынын» мәлімдеді.
Түрік отбасының арманы әлемді құтқара ма?
Аса тиімді вакцинаны ойлап тапқан BioNTech компаниясының негізін қалаған Угур Сахин Германияға көшіп келген қарапайым түрік отбасынан шыққан. Әкесі Кельн қаласындағы Ford зауытында жұмыс істеген. Қазір Угур Сахин әйелі әрі әріптесі болып келетін Өзлем Төрешімен бірге Германияның ең бай адамдарының тізіміне кіреді. Бұл отбасының байлығы енді тағы еселенетініне күмән жоқ секілді. Олар құрған BioNTech компаниясының құны вакцина туралы хабардан кейін Нью-Йорктегі Nasdaq қор биржасында 21 миллиард долларға өсіп кеткен. Бір жыл бұрын ғана компания 4,6 миллиард долларға бағаланыпты. Бірақ сонша байып кетсе де, Сахинды әріптестері мен таныстары өте қарапайым адам ретінде сипаттайды. Ол әлі күнге қарапайым киінеді және жұмысқа велосипедпен келетін көрінеді.
Бала кезінен дәрігер болуды армандаған Угур үздік болып, Кельннің білім беретін ауруханасында оқып әрі жұмыс істеген. Оның әйелі Өзлем – Германияға көшіп келген түрік дәрігерінің қызы.
Иммунолог-дәрігер мамандығын алған ерлі-зайыптылар тағдырын адамның иммунды жүйесінің қатерлі ісікті жеңудегі құпиясын ашуға арнаған. Олар ісіктің әр түрінің генетикалық құрылымын тауып осы бір аты жаман аурудан адамзатты арашалап қалуды армандайды. Олар іргесін қалаған BioNTech компаниясы 2008 жылдан бері қатерлі ісікке қарсы иммунды терапия тәсілдерін әзірлеумен айналысады.
Биыл қаңтарда Қытайдың Ухань қаласындағы коронавирус індеті туралы естіп-білген соң компаниясындағы 500 адамды жаңа вирусқа қарсы вакцина әзірлеуге жұмылдырады. Ол қатерлі ісікке қарсы мРНҚ препараттарының негізінде вирусқа қарсы мРНҚ-дан тұратын препарат дайындау керек деп шешкен.
Әзірге түрік ғалымдары ашқан жаңалық қаншалықты сәтті болары белгісіз. Өйткені АҚШ пен Еуропа Одағының құзырлы органдары сәтті сынақтарға қарамастан мРНҚ негізіндегі бірде бір вакцина немесе препаратты мақұлдамай отыр. Бұл жерде саяси да астар болуы мүмкін. Себебі әлемге қатер төндірген алапат індеттен құтқаратын адамның еуропалық немесе америкалық болмағаны жаһанды билеп-төстеуге үйреніп қалған Батыс қоғамына ұнай қоймайтыны анық. Адамзатқа келген ажалға түрік баласының араша түскені алпауыт елдердің қитығына тиюі де әбден мүмкін.
Қалай десек те коронавируспен күресуге қауқарын әзірге сәтті дәлелдеген вакцинаны әзірлеген түркілер болып тұр.