Коронавирус Ресейге жетті
Ресейде коронавирус жұқтырған алғашқы екі адам анықталды, деп хабарлайды «Интерфакс» вируспен күрес жөніндегі жедел штабты басқаратын вице-премьер Татьяна Голикованың сөзіне сілтеме жасап.
Алматы, NEGE. Науқастар – Забайкалье мен Тюмень облыстарында. Екеуі де Қытай азаматтары. Роспотребнадзор жетекшісі Анна Попованың айтуынша, олардың жағдайы тұрақты.
Татьяна Голикова «Ресей билігі өз азаматтарын инфекцияның ошағы - Ухань қаласынан эвакуациялап жатыр. Сонымен қатар, Ресей Моңғолия арқылы өтетін жолды жабады және Ресей Федерациясында тұруға рұқсаты бар Қытай азаматтарын өткізу пункттері арқылы карантинге қоюға міндеттейді» деген.
Бұған дейін Ресейде коронавирус ауруы тіркелмеген. 30 қаңтарда Денсаулық сақтау министрлігі тұтынушылардың құқығын қорғау және адамның әл-ауқатын бақылау федералды қызметінің мәліметтеріне сілтеме жасап, жаңа инфекциялар тіркелмегенін хабарлаған еді.