Коронавирус Қытай экономикасына тұсау салды
Қытайда да коронавирус жұқтырғандар көбейіп барады. Сондықтан шектеулер әлі күшінде.
Алматы, NEGE. Тек соңғы 2 аптада ешкім ковид жұқтырмаған Шанхай қаласында 1 маусымға дейін біртіндеп алынуы мүмкін. 26 миллион тұрғыны алып шаһар сәуірден бері толық оқшауланған болатын. Локдаун кезінде зауыт-фабрикалардың жұмысы біржола тоқтап, бизнес тұралап қалды. Қазір ел соның зардабын тартып жатыр. Билік сәуірде экономика кері кеткенін хабарлады. Қытай бойынша өндіріс өсімі 2,9, ал сауда-саттық 11 процентке төмендеген. Сондай-ақ тамақ өнеркәсібінің кірісі 23 процентке кеміген. Бұдан басқа, өткен айда 31 ірі қалада жұмыссыздық деңгейі 6,7 процентке жеткен. Сарапшылардың мәлімдеуінше, бұл 2018 жылдан бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш.
Фу Лингуи, Қытай статистика бюросының ресми өкілі:
– Эпидемияның экономикаға кері әсері сәуір айында анық білініп жатыр. Бірақ бұл уақытша құбылыс. Түрлі іс-шаралар арқылы экономиканың тұрақтылығын қалпына келтіпіе, тез арада сауықтырып, қарқынын күшейтуге барымызды саламыз.
Бейжіңдегі шектеулердің әсерін көшеден-ақ байқауға болады. Әшейінде қаптап жүретін адам қарасы азайған. Бұл қалада соңғы бір күнде 55 науқас анықталды.