Коронавирус: 217 адам кемі үш күнге оқшауланады
Бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бүгін таңертеңгі 06.05-те Бейжіңнен еліміздің 217 азаматын әкелгенін жеткізді. Олар қазір арнайы медициналық ұйымға орналастырылған көрінеді. Министрлік араларында науқас адамдар тіркелген жоқ дегенді айтты.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, Қытайдан эвакуацияланған азаматтардың жағдайын сұрадық. Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2020 жылғы 6 қаңтардан 8 ақпанға дейін елімізге 30857 адам келген.
6 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің санитариялық-карантиндік пункттерінің мамандары халықаралық әуежайларда және теміржол вокзалдарында Қытаймен шекаралас мемлекеттер арқылы өткізу пункттерінде 30 мың 852 адамды арнайы тексеруден өткізіпті.
Бүгінгі күнге дейін ЖРВИ белгілерімен 140 адам көпшіліктен оқшауланып, емдеуге жатқызылса, оның 113-і шығарылды, стационарда медициналық бақылауда 27 адам қалды. Ал 83 эвакуацияланған азаматтың 13-інің дене қызуы көтерілмеген.
ҚХР Ухань қаласынан Ресей Федерациясына (Түмен облысы – 3 адам) және Өзбекстан Республикасына (5 адам) эвакуацияланған Қазақстан Республикасы азаматтарының жағдайы қанағаттанарлық, дене қызуы жоқ, коронавирус белгілері анықталған жоқ.
Сондай-ақ, бүгін таңертеңгі сағат 6:05-те Қытайдан Нұр Сұлтан қаласына келген 217 қазақстандық азаматтың барлығы медициналық және зертханалық тексеруден өту үшін кемінде 3 күн мерзімге ауруханаға жатады. Мамандар олардың денсаулығы бірқалыпты дейді.
Қазақстандықтардың алғашқы легі Қытай елінен 2 ақпанда жеткізілген еді. 83 азаматтың 80-і – студенттер.