Көрімдік берудің жаңа тәсілі: Aitu-да дәстүрге арналған аударымдар пайда болады

Aitu ұлттық мессенджерінде пайдаланушылар енді туыстарына көрімдік, сүйінші, асар және садақа сияқты дәстүрлерге байланысты ақшалай аударымдарды автоматты түрде жібере алады.

btsdigital.kz

Астана, NEGE. Бұл туралы Үкімет отырысында Aitu мессенджерін дамытатын BTS Digital компаниясының басшысы Мақсат Нуриденұлы мәлімдеді. 

Оның айтуынша, қазір Aitu-да 6,8 млн қолданушы тіркелген. Платформаның ай сайынғы белсенді аудиториясы 1 млн адамды, ал күнделікті қолданушылар саны 100 мың адамды құрайды. Дегенмен компания басшысы тіркелген қолданушылар саны мен тұрақты аудитория арасында айырмашылық бар екенін мойындады. Сондықтан ендігі міндет – қолданушылардың қосымшаға күн сайын қайта кіруіне себеп болатын жаңа мүмкіндіктер енгізу.

«Біз дәстүрімізді, тілімізді және өмір салтымызды ескеретін ұлттық мессенджер құрып жатырмыз. Сондықтан Aitu-да әр отбасына керек функциялар қосылады. Мысалы, отбасылық чаттарда фотосуреттерді сақтауға, маңызды оқиғалардың күнтізбесін жүргізуге, түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға болады. Сондай-ақ қазақстандықтарға ортақ дәстүрмен байланысты сүйінші, асар және көрімдік сияқты ақша аударымдарын автоматты түрде жүзеге асыру мүмкіндігі  ұсынылады», – деді Мақсат Нуриденұлы.

Сонымен қатар мессенджерде цифрлық шежіре жасау функциясы да жоспарланып отыр. Қолданушылар өз отбасының шежіресін цифрлық форматта сақтай алады. Бұдан бөлек, қосымшада қазақ және орыс тілдері арасында автоматты аударма қызметі іске қосылмақ.

Мақсат Нуриденұлының айтуынша, жыл соңына дейін Aitu-дың ай сайынғы аудиториясын 1,5 млн қолданушыға жеткізу жоспарланып отыр. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш 3,8 млн-нан асуы тиіс.