«Қорқыт» саз тобы рекорд орнатпақ
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы 75 шығарманы үздіксіз орындап, Қазақстанның Гиннесс рекордтар кітабына енуді жоспарлап отыр.
Шара ұлттық өнерді насихаттау мақсатында және Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылады. Өнер ұжымы 17 ақпанда «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығында өнер көрсетеді.
Шолпан Қорғанбек, «Қорқыт» дәстүрлі саз тобының көркемдік жетекшісі: Музыканттар Қазақстанда алғаш рет non-stop режімінде музыкалық шығармаларды кідіріссіз, бір деммен ойнайды.
Айта кетейік, «Қорқыт» дәстүрлі саз тобының құрамына қазақтың халық а спаптарын еркін игерген талантты өнерпаздар жиналған. Ұжым репертуарының негізін Шолпан Қорғанбектің авторлық өңдеуінен өткен қазақ фольклорының жанрлары, яғни күй, жыр, терме құрайды.
Ұжым айтулы республикалық және халықаралық музыкалық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпаздары атанды. «Ғасырлар үні» II Өңіраралық фольклорлық-этнографиялық фестивалінде, «Шабыт» ХХ халықаралық шығармашыл жастар фестивалінде, сондай-ақ «Көне Тараз күмбірі» І Республикалық этно-фольклорлық ансамбльдер фестивалінде жүлделі орындарды иеленді. Жақында ғана «Қорқыт» Катардың Доха қаласында өткен «Cultural Diversity» халықаралық фестиваліне қатысты.