«Қорқыт» ансамблі жаңа рекорд орнатты
«Қорқыт» дәстүрлі саз тобы 75 шығарманы үзіліссіз орындап, жаңа рекорд орнатты.
Алматы, NEGE. Ұлттық өнерді насихаттауға арналған кеште өнер ұжымы қазақ және шетел авторларының шығармаларын орындады. Елімізде алғаш рет non-stop режімінде музыкалық шығармаларды кідіріссіз, бір деммен жатқа ойнады.
«Қорқыт» дәстүрлі саз тобының мақсаты - қазақтың дәстүрлі музыкасын дәріптеу. Сондықтан да, ұжым құрамына барлық халық аспаптарында ойнайтын талантты музыканттар жиналған. Ұжымның бірегейлігі - ондағы әрбір әртістің бірнеше аспаптарды игеруі. Осындай ерекшеліктің арқасында, 12 адамнан тұратын «Қорқыт» ұжымы кез келген шағын құраммен халық музыкасын орындай береді. 4 сағатқа созылған кеште қалың көпшілік қобыз, қылқобыз, домбыра, сырнай, мүйіз сырнай, шаңқобыз, жетіген, шертер, дауылпаз, сазсырнай, бас домбыра, сыбызғы сынды ұлттық аспаптарының үніне құлақ құрышын қандырды.
«Қорқыт ансамблі әлем деңгейінде болмаған көрсеткішке ие болып отыр. Сондықтан біз, әрине, қуануымыз керек. Өнер ұжымына сертификатты беруді ұйғардық», - дейді Қазақстан рекордтар кітабының Нұр-Сұлтан қаласындағы өкілі Қуандық Құдайбергенов.
«Қорқыт» ансамбліне жетістіктері жазылған арнайы сертификат салтанатты түрде табысталды.