«Қорқаулар ісі»: Олар кімдер еді?

Nege.kz порталы бұған дейін «заңдағы ұрылар» («вор в законе») туралы сериялы мақалалар жариялады. Серік Жаманаев («Голова»), Айтқали Маймушев («Маймыш») және Георгий Сорокиннің («Жора Ташкентский») «бас терісін сыпырып» көрдік. Жұрт кімнің кім екенін білсін дедік.

Енді бір кездері елді қан қақсатқан қылмыстық топтар мен қанқұйлы қылмыскерлер туралы алдағы уақытта порталымызда жарияланатын сериялы мақалалардың алғашқысын назарларыңызға ұсынамыз.  

***

Қазақстанның жаңа тарихында әр жылдары, әр өңірде ерекше қанқұйлылығымен көзге түскен қылмыстық топтар ауық-ауық бой көрсетті. Қаніпезерлігімен жұртты дүрліктірген баскесерлер өткен ғасырдың 20-жылдары да, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де, соғыстан кейін де кездесті. Тіпті тоқыраулы кезең дегенімен, ел тойынған 60-70-жылдары да республиканың облыстарында жұртты қан қақсатқан қылмыс бас көтеріп тұратын. Алайда Қазақстанның жаңа заманғы тарихындағы ең қанқұйлы қылмыстық топ ретінде Виктор Можаев құрған баскесерлер тобыры аталады. Аярлығы мен қаніпезерлігі шектен шыққан бұларды «қорқаулар» деп атап кетті. 80-жылдардың ортасында бұл қарақшылар бірнеше жыл бойы сол кездегі Қазақ КСР-нің астанасы – Алматыда елдің зәресін алып, құқық қорғау органдарын аяғынан тік тұрғызған еді.

Үш адамның ұйымдасқан қылмыстық тобының әрекеті қылмыс әлемі тарихында асқан жауыздығымен ерекшеленеді. Ал олардың қылмысын ашуға қатысты тергеу деректері күні бүгінге дейін полицейлерді дайындайтын оқу орындарында көрнекі мысал ретінде оқытылады.

Олардың 1983 жылы жасаған алғашқы қылмысы республика мен Алматы қаласының тұрғындарын ғана емес, талайды көрген мәскеулік із кесушілерді де тіксінтті. Бірақ қандықолдарды құрықтап, олардың барлық қылмысын ашуға табаны күректей үш жыл кетті.

Виктор Можаев

Бұл топтың жетекшісі 27 жастағы Виктор Можаев еді. Ол Қазақ КСР-і спорт комитетінде жүргізуші болып істеген. Ол көмекшілікке жұмыстағы әріптесі әрі құрдасы Николай Немчинді тартады. Жас жігіттер бұрын да көлік ұрлап, оны бөлшектеп сатумен айналысқан. Көкейін ақша тескендер ашкөзденіп, бұдан да көп олжаға кенелгісі келіп, ауыр қылмысқа баруға бел байлайды. Олар қаладағы бір тәулікте мол қаржы жиналатын, кассир және инкассатор әйелдер істейтін немесе әлжуаз адамдар, зейнеткерлер күзететін мекемелерді торуылдай бастайды. Тонауды түкке тұрмайтын іс санады. Бірақ кеңес кезінде қарақшылардың адымы тұсаулы еді. Қару табудың өзі қиынға түсетін. Қылмыс әлемінде «көзі мен құлағы» бар милиционерлер ондайларды бірден білетін. Сондықтан бұлар өздерінше амал жасайды. Жігіттер спорт комитетінің дөкейлерін тасығандықтан, үкімет резиденцияларындағы, пансионаттар мен республика басшыларының демалыс орындарындағы күзетшілерді жақсы танитын. Сол себепті Қазақ КСР-і Министрлер кеңесінің шипажайы қақпасындағы қарауылға шабуыл жасауды ойластырады. Межелі жерге көз байланған шақта кештетіп келген соң, Немчин көліктен түсіп, қарауылдан телефон соғуды өтінеді. Ештеңеден хабарсыз милиционер оны ішке кіргізеді. Сол жерде Немчин оны пышақтайды. Жараланған күзетшіні Можаев бытыралы мылтықпен атып өлтіреді. Сөйтіп олар Макаров тапаншасын олжалайды. Біраз уақыттан соң олардың үшінші сыбайласы – жедел жәрдем жүргізушісі әрі Немчиннің досы Александр Солуянов та қаруға ие болады.

Ең алғаш олар «Спецдормаш» кәсіпорнының кассирі Усмановаға қарақшылық шабуыл жасайды. Қылмыскерлер бұл іске бір ай бойы дайындалады. Құрбанын күндіз-түні аңдыған, жүретін жолын, кімдермен кездесетінін, күнделікті әдетін, бәрін жіпке тізгендей зерттеп алады. Қылмысқа барар алдында ескі «Жигули» көлігін айдап әкетіп, оған жалған нөмір жапсырады. Виктор Можаевтың есебінше, кассир Мемлекеттік банктен ірі сомадағы ақшамен шығуы тиіс еді. Қарақшылар келіншекті базаның әкімшілік кеңсесінің алдынан күтіп алады. Бірақ қылмыскерлер қателік жасаған еді, оны кейін тергеу кезінде Можаевтың өзі айтып береді.

Можаев әйелдің қолынан тек сөмкесін ғана байқаған, ал банктің ақша салатын арнайы дорбасы болмағанын көреді, бірақ шегінерге жол жоқ деп санап, әйелге қарата бірнеше рет оқ атады. Әйелді атып тастап, сөмкесін ала сала, ол сыбайластары отырған көлікке жүгіреді. Келіншектің сөмкесінен бар-жоғы 1 339 сом 76 тиын ғана шыққан. Ізін жасыру үшін ұрланған көлікті айдалаға апарып, заттармен бірге өртеп жібереді. Қарақшылар алғашқы сәтсіз жорығы үшін көпке дейін қамыққан көрінеді. Ал Усманованың кәмелетке толмаған екі баласы бар еді...

Келесі шабуылдың нысанасы ретінде қарақшылар Қазан төңкерісінің 20 жылдығы атындағы машина жасау зауытының кассирін көздейді. Тек аңду барысында олар күзеттің ескі де болса, револьвермен қаруланғанын байқайды. Алтыатардың Макаров тапаншасынан анағұрлым дәл көздейтінін қаскөйлер жақсы білетін.  Сол себепті олар автомат қаруын іздей бастаған. Можаев оны 70-разъезде орналасқан әскери бөлімдегі жауынгерлерден тартып алуды ұсынады. Жоспар бойынша олар өткізу-бақылау бекетінде қарауыл ауысқан сәтте күзетті жайратып тастап, автоматын алуы керек еді. Бірақ ойларын жүзеге асыруға өздері жалдаған такси жүргізушісі кедергі келтіреді. Жол үстінде әлденеден секем алған жүргізушімен арада арпалыс басталып кетеді. Можаев пен Немчин таксистке бірнеше рет пышақ сұғып, ақырында бауыздап тастайды. Осы кезде көлік оталмай қалады. Ал оларды межелі жерде күтіп тұрған  үшінші сыбайласы – Солуянов жаяу патрульді басып өлтіруі тиіс еді. Бірақ сыбайластары келмеген соң дәті бармайды. Бұл арада олар қарауыл ауысатын мезгілден кешігіп қалған еді.

Николай Немчин

Есесіне, «Асфальтобетон» өндірістік бірлестігінің кассирлеріне шабуылға қаскөйлер жарты жыл дайындалады. Сөйтіп 1986 жылдың шілдесінде арам ойларын іске асырады. Оның алдында қалай із жасыратынын да ойластырып алған еді. УАЗ көлігімен адам тасып, табыс тауып жүрген біреумен келісіп, оны айдалаға әкелген соң, бауыздап кетеді. Мекеме жұмысшыларының киімін тауып, бетперде орнына респираторларды пайдаланады. Қылмысқа Можаев пен Солуянов кетеді, Немчин оларды көлікте күтеді. Автобуспен келген кассир күзетшіге банктің ақша бермегенін айтады. Мұны естіп қалған қарақшылар ойларынан қайтады. Бірақ кетіп те қалмай, ұзақ күте бастайды. Бірнеше сағаттан соң кассир Ирина Покровская мен жүргізуші-күзетші Александр Бычковтың ақша толы үлкен сөмкемен оралғанын көреді. Автобустан түсіп келе жатқан екеуге қарақшылар сол арадағы жұмысшылардың көзінше оқ жаудырады. Ақшаны олжалағандар қоршаудың тесік тұсынан өтіп, іздерін жасырады.

Бұл жолы қарақшылар 110 мың сомды әкеткен еді, ол заманда бұл көп қаржы болатын. Можаев 40 мыңын алады, Солуянов пен Немчин 35 мың сомнан бөліп алады. Қылмыстық топтың жетекшісі үлесін жұмсауда да айласын асырған, 20 мың сомға мемлекеттік облигациялар сатып алады, біраз ақшаға әйеліне алтын бұйымдар, балалары мен өзіне киім-кешек алады да, қарапайым жүргізуші кейпінде жүре береді.

Немчин олжасын оңды-солды шашқан. Әйелі мен балаларына қымбат сыйлықтар жасап, қалғанын есірткіге жұмсаған. Ал Солуянов өзіне тиесілі ақшаны жинақ кассасына салады. Ол қалыңдығына ұсыныс жасап, отбасын құруды ойлаған.

 

Михаил Солуянов

Бұл қылмыс бүкіл Одақты дүр сілкіндірді. Мәскеуден КСРО ІІМ-нің қылмыстық іздестіру басқармасынан үш бірдей тәжірибелі із кесуші келеді. Арнайы штаб құрылып, оған басшылық ету міндеті милиция полковнигі Кеңес Арыстановқа жүктеледі. Ал із кесушілер тобына полковник Ғабдырахым Меңдешев басшылық етеді. Қылмысты ашу үшін 11 жедел іздестіру-тергеу тобы құрылады. Олар Алматыны ғана емес, республиканың барлық өңірін сүзіп шығады. Бұрын сотты болған 6 мың адамнан жауап алынады. Жүздеген куәнің түсініктемесі де көмектеспеді. Тек 1986 жылдың соңына қарай қылмыскерлердің ізіне түседі. Бұл жерде милиционерлерге сәттілік немесе кездейсоқ жағдайлар сеп болды десек, артық айтпаймыз. Кафеде әлдекімді соққыға жығып, бұзақылық жасаған Мусаев деген біреу милицияға түседі. Жауап алу кезінде ол тергеушімен сөйлесуден бас тартып, өзін милицияның үлкен бастықтарымен кездестіруді талап етеді. Бір шулы қылмыстық іс бойынша маңызды мәлімет білетінін, өзін төбелес үшін қылмыстық жазадан босатса, бәрін жайып салатынын айтып саудаласады. Сөйтіп оны Меңдешевтің өзі тергейді. Ұсталған бұзақы Можаевпен бірге жиі ішімдік ішетінін, сондай бір отырыста масайып қалған жолдасының кассирлерге шабуыл жасағанын айтып мақтанғанын жеткізеді.         

Можаев, Немчин және Солуяновқа қатысты ақпар жинау басталады.  Керек дәйектер мен бұлтартпас айғақтар түгенделген соң, алдымен үшеудің ішіндегі ең әлсізі саналған  Солуяновты ұстау ұйғарылады. "Жаңа жедел жәрдем көлігін алып келесің" деген сылтаумен оны жұмыс орнынан Латвияға іссапарға жіберткен милиционерлер қылмыскерді әуежайда ұстап, қамап қояды. Достары үшін ол іссапарда жүрген адам еді. Бірнеше тәуліктен соң жүргізуші бәрін мойындап, сыбайластарын да көрсетіп береді.   

Әрі қарай із кесушілер Солуяновтың сыбайластарын ұстау бойынша күрделі жоспарын құрады. Ол туралы Ғабдырахым Меңдешевтің өзі былай дейді:

– Айып тағу үшін бізге бұлтартпас айғақтар керек еді. Ал Солуянов Можаевтың қару мен тоналған ақшаны қайда жасырғанын білмейтін боп шықты. Оны тек Немчин білетін, бірақ ол жақ ашпай қойды. Можаевты мойындату үшін мен қулыққа бардым. Солуяновтың жауаптарын бірден екі кассетаға жазып алдым да, Можаевқа екі сыбайласының бәрін жайып салғанын айттым, сенбесе екі жазбаның кез клегенін қосып тыңдап көруді ұсындым. Солуяновтың жауаптарын тыңдап болған соң, бәрін мойындап, айғақ заттарды көрсетуге келісті. Қару мен ақша салған шабаданды Можаев танысына сақтай тұруға беріпті, ол өз кезгінде шабаданның ішінде не бар екенінен хабарсыз болып шықты. Шабаданның ішінен тапанша, шолақ аңшы мылтығы, оқ, қолдан жасалған 5 пышақ, бетперде, қылқындыруға арналған жіп және «Асфальтбетон» кәсіпорнынан тоналған ақшаның көп бөлігі шықты.

Тергеу кезінде Можаев 17 адамды өлтіргенін мойындағанымен, сотта 11 кісі өлтіру қылмысы дәлелденді. Қылмыстық істе әрбір кісі өлтіру туралы егжей-тегжей баяндалған, кеуде тұстарынан, қақ маңдайдан атып өлтірілген кассирлер мен күзетшілерді есептемегенде, қаныпезерлер өзге құрбандарын асқан айуандықпен өлтірген. Ал сот-дәрігерлік сараптама үшеуінің де қылмыс жасаған кезде ақыл-есінің түзу болғанын дәлелдеді.

1989 жылдың күзінде Қазақ КСР Жоғарғы соты Можаев пен Немчинді ең ауыр жаза – ату жазасына кесті. Михаил Солуянов 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Журналист Асқар Жалдиновтың «Вне протокола» кітабынан

Қазір оқып жатыр

Ломбардтағы қарыздар соттан тыс банкроттық шартынан алынып тасталды

Алматыда дәрігерлер әйелдің іш қуысынан 25 келілік үлкен ісікті алды

Талдықорғанда зейнеткерден 5 келіден астам гашиш тәркіленді

Тоқаев Алматы әкіміне LRT мен SkyTrain-ді енгізу жұмысын жеделдетуді тапсырды