Кореяда өздігінен жүретін такси жолға шықты
Сеул тұрғындары үшін өздігінен жүретін такси қызметі қолжетімді болды.
Алматы, NEGE. Әзірге автономды көлік қызметін барлығы бірдей пайдалана алмайды. Бірақ күзге дейін Кореяның кез келген тұрғыны мұндай көлікке тапсырыс бере алады. Жүргізушісіз таксидің алғашқы жолаушысы көлік министрі мен Сеул басшысы болды. VIP-тердің қауіпсіздігі үшін жүргізушіні отырғызды. Бірақ ол іс жүзінде түймелерді баспады.
Жаңа технологиялар әйгілі Псай әнімен танымал Каннам аймағында көрсетілді. Бұл көшелер Кореядағы кептеліс ең көп кездесетін даңғылдың бірі. Бірақ жасанды интелект тәжірибелі жүргізушіден кем емес. Өйткені оған 26 жолға орнатылған құрылғылар көмектеседі. Сондықтан жүргізушісіз машина жаяу жүргіншілерді және бағдаршам түстерін сезеді, бір жолақтан екінші жолаққа ауыса алады. Такси кептеліс туралы ақпарат алып, бағыт бойынша ең тез жолмен барады.
Өзін өзі басқаратын машиналармен айналысатын компаниялар 2024 жылға дейін 4-деңгейдегі өзін өзі басқаратын көліктерді сатуға қажетті стандарттарға сай болады. Мамандар спутниктік байланыс, 3D карталары сияқты инфрақұрылымды белсенді түрде кеңейтуді жоспарлап отыр.
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қолайсыздық тудырмас үшін такси жұмыс күндері сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін жұмыс істейді. Өйткені бұл уақытта кептеліс аз. Таксиге 3 жолаушы отыра алады. Жүргізушісіз көлікке қосымша арқылы тапсырыс беруге болады. Төлемақы онлайн режимінде төленеді. Әзірге бұл қызмет тегін. Жүргізушісі жоқ көліктер ұзындығы 49 шақырымға жуық жолдарда жүреді. Алдағы 3 жылда интеллектуалды көлік жүйесін дамытуға Кореяда шамамен 876 миллион доллар жұмсайды.