Көрерменге кімнің сөзі өтімді болды? Теледебаттағы дауыс беру қорытындысы шықты
Jibek Joly телеарнасында Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы жеті саяси партияның үшінші теледебаты аяқталды.
Астана, NEGE. Сауалнамаға 165 153 адам қатсып, дауыс беру нәтижесінде «Әділет» партиясының өкілдері 60,6% дауыспен бірінші орынға шықты. Екінші орында – «Ауыл» партиясы (15,1%), үшінші орында – Respublica (10,2%).
Қалған партиялардың көрсеткіші:
- ЖСДП – 3,9%;
- «Ақ жол» – 3,5%;
- Қазақстан Халық партиясы – 3,3%;
- «Байтақ» – 2,7%.
Қатысушылардың тағы 0,7%-ы «Ешкім ұнамады» деген нұсқаны таңдаған.
Онлайн сауалнаманы Jibek Joly телеарнасының тапсырысы бойынша Қазақстандық қоғамдық даму институты өткізді. Дебат кезінде көрермендер экрандағы QR-кодты сканерлеп, қай партия өкілінің сөзі ұнағанын белгілей алды.
Ұйымдастырушылар бұл нәтижелер партиялардың сайлаудағы нақты қолдау деңгейін көрсетпейтінін атап өтті. Көрермендер тек теледебатқа қатысқан спикерлердің партия ұстанымдары мен сайлауалды бағдарламаларын жеткізу шеберлігін, сұрақтарға берген жауаптары мен пікірталастағы белсенділігін бағалаған.
Алғаш рет дебатқа жеті партияның әрқайсысынан екі өкілден қатысып, барлығы 14 спикер пікірталасқа шықты.
Құрылтай депутаттарын сайлау 23 тамызда өтеді. Қазақстандықтар бес жылға 145 депутатты сайлайды.