«Қордай» бекетінде шетел азаматы 350 мың долларды заңсыз өткізбек болған
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі бір апта ішінде Қазақстаннан ірі көлемдегі қолма-қол ақшаны алып шығуға әрекет жасаған 38 адамды тоқтатты.
Астана, NEGE. «Қордай» автокөліктік шекаралық бақылау бөлімінде шетел азаматын тоқтатып, жүгін тексеру кезінде одан 350 мың АҚШ доллары (170 млн теңге) табылған.
«Бұл факт бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құзыретті органдарға жолданды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
ҰҚК мәліметінше, тек 30 маусым мен 7 шілде аралығында мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде осындай 38 заң бұзушылық әрекеті анықталған. Шетелге заңсыз шығарылмақ болған декларацияланбаған қаржының жалпы сомасы 636 млн теңгеден асқан.
Шекарашылар Қазақстан заңнамасына сәйкес республика аумағынан 10 мың АҚШ долларынан асатын сомадағы қолма-қол ақшаны шетелге алып шығуға тыйым салынатынын еске салады.