«Концертте жұрт тамақ жеп отырды». Көрермендердің бірі концерттен кейіп қайтқанын айтады
Биыл – күміскөмей әнші, халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығы. ЮНЕСКО-ның даталар күнтізбесіне енгізілген мерейтой елімізде де кең көлемде атап өтіліп жатыр. Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласында әншінің өмір жолынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылып, гиперреалист мүсінші Айдос Есмағамбетовтың Роза Бағлановаға арналған мүсін таныстырылды.
Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтің айтуынша, Роза Бағланованың мерейтойына арналған жоспар 41 тармақтан тұрады.
«Қазақстан өңірлерінде 400-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланған, оның ішінде республикалық деңгейде 25 іс-шара өткізіледі. Ал халықаралық деңгейде 5 іс-шара өткізу көзделген», – деген ол.
Соған орай, 1 наурызда Қазақстанның орталық концерт залында Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойын мерекелеудің ресми шарасы ашылып, арнайы концерт ұйымдастырылды. Одан кейін Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Алматы қалалары және ЮНЕСКО-мен бірлесіп Парижде, Мәскеу қалаларында мерекелік концерт өткізу жоспарланғаны айтылды.
Осы жоспардағы концерт кеше Алматы қаласындағы «Қазақконцерт» залында өтті. Тегін. Көптен бері концертті сағынған жұрт осында ағылды. Шамамен 500 адам сиятын зал әп-сәтте лық толды. Тегін болған соң арнайы билет сатылмайтыны белгілі. Орынға таласқан бір адам. Әйтеуір орын тапқаны жайғасып отырды, таппағаны түрегеп тамашалады. Бұл – бір.
Екіншіден, концерттің ұйымдастырылу деңгейі өте жақсы. Талайдан қазақы әнге сусындап жүрген көрерменнің қошеметі жоғары болды. Қазақ эстрадасында өзіндік орны бар әншілермен қауышудың өзі бір ғанибет. Алайда, біздің көңілді су сепкендей басқан мына нәрсе: залдың іші алдын ала дайындалмаған, орындықтарын шаң басқан.
Бір кезде сахнаға қарасақ, әр әнші шыққан сайын жолында шаң бұрқырап жүр. Әуелгіде сахнаны безендіру үшін шашатын түтін деп ойладық. Сөйтсек, аспанға көтерілген жердің шаңы екен. Отырған адамдар түшкірді ме, пысқырды ма, әбден қиналды. Бұл не масқара?! Тегін концерт екен деп, тазалыққа мән бермеу керек пе? Тым болмаса бір күн бұрын шаң-тозаңды сүртуге болмас па еді?
Тағы бір әттеген-айы – халықтың қоғамдық ортада ұстау мәдениетінің төмендігі. Концерттің соңы ауызашар уақытына тұспа-тұс келді. Жұрттың бәрі пакет-пакет тамақ әкеліп, залда жеуге көшті.
Концерт залынан ас-тағамның иісі мұрын жарды. Әрине, ауыз бекіткендерді де түсінеміз. Бірақ концерт тәмамдалғанша, су ішіп амалдай тұруға болар еді ғой. Онсыз да шаңы көтеріліп жатқан залды бүлдіріп кетті.
Әнші Роза Бағланованың есті әндерін тыңдап, ерекше сезімге бөленіп қайтам ба деп едім, бірақ залдағы шаң-тозаң мен елдің жеген тамағының иісі бар әсердің күлпаршасын шығарды.
М.Жомартқызы, Алматы қаласы.