9 февраля 2026 г. 17:29

Конституцияның жаңа жобасы калька аудармалардан ада болмақ

Фото: ortcom.kz

Бұл жөнінде Конституциялық комиссияның кезекті отырысында сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлімдеді.

Астана, NEGE. Ол Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерін жетілдіру жұмысы үздіксіз жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Жұмыс топтары құқықтық нормалардың тұжырымдарын оңтайландыру және олардың мазмұнын баршаға түсінікті ету мақсатында қажетті шаралар қабылдауда. Терминдік және семантикалық бірізділікті қамтамасыз етуге баса назар аударылып жатыр. Осылайша, Үкімет, Парламент, Президент әкімшілігі бөлімдерінің мамандары, Конституциялық комиссияның редакциялық-терминологиялық жұмыс тобы, Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы, жаңа Ата заң мәтіні жобасына жұмылдырылған линвист мамандар тарапынан берілген ұсыныстардың негізінде редакциялық, стилистикалық түзетулер жүргізілді. Мұндай түзетулер бірнеше нормаға енгізілді.

Мысалы, преамбулада "Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап" деген сөздер "Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап" деп өзгертілді.

9-бап нақтыланып, "тең" сөзі "қатар" деп ауыстырылды. 50 және 51-баптарда "өтініш" деген сөздер "мәлімдеме" деп алынды», – дейді Бақыт Нұрмұханов. 

Сондай-ақ мәтінде бірнеше рет кездесетін «неприкосновенность» деген термин қазақ тілінде «қол сұқпау», «қолсұғылмаушылық» деп алынған.

Қазақ тіліндегі сөйлем құрау ерекшеліктерін ескере отырып, орыс тіліндегі «является» деген сөз сызықшамен ауыстырылған, осылайша қазақ тілінде «болып табылады» деген сөздер алынып тасталған.

Комиссия мүшесінің мәлімдеуінше, мұндай өзгеріс бірнеше бапты қамтыған.

Айта кетейік, Конституцияның талқыланып жатқан жаңа жобасында 9-баптың 2-бөлігі «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған. Өзгертуден кейін ол бөлім «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады» деп жазылмақ.