Конституциялық сотқа жүгіну кезіндегі мемлекеттік баж салығы алынып тасталмақ
21 мамыр күні Мәжіліс депутаттары Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Астана, NEGE. Депутат Ерлан Стамбековтің мәлімдеуінше, заң жобасы 15 наурыздағы Республикалық референдумның қорытындысы бойынша жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістерді, сондай-ақ «Конституциялық сот туралы» заңға енгізілген түзетулерді іске асыруға бағытталған.
Оның айтуынша, құжатқа мынадай түзетулер енгізу көзделген:
- Құқықтық реттеудің мәнін өзгертпей, жекелеген нормалардың редакциясын техникалық тұрғыдан нақтылау және біріздендіру. Атап айтқанда, «шетелдік» терминін «шетелдік азамат» ұғымымен алмастыру, «тенге» сөзін «теңге» нұсқасына келтіру, сондай-ақ аумақ атауларын көрсету тәртібін астанаға басымдық бере отырып реттеу ұсынылған.
- Салық заңнамасындағы институционалдық атауларды жаңа конституциялық модельге сәйкес келтіру қарастырылған. Осыған байланысты «Парламент» атауы «Құрылтай» атауымен ауыстырылып, жаңадан «Қазақстан Халық Кеңесі» институты енгізіледі.
- Азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциялық сотына жүгінуі кезінде төленетін мемлекеттік бажды алып тастау көзделген.
Сондай-ақ құжатта заң шығару техникасы тұрғысынан жекелеген нормалардың тұжырымдарды нақтыланбақ.