Конституциялық құрылысты өзгертпек болған: Атырауда бір топ адам ұсталды
Атырауда экстремистік топ құрып, терроризмді насихаттады деген күдікпен 10 адам ұсталды. ҰҚК мәліметінше, күдіктілер Қазақстанның батыс өңіріндегі конституциялық құрылысты күшпен өзгертуді көздеген.
Астана, NEGE. Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарының үйлестіруімен Атырау қаласында сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында 10 адамды бір мезгілде ұстады.
«Олар экстремистік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу, сондай-ақ терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру күдігіне ілінді», – деп хабарлады ҰҚК.
Комитеттің хабарлауынша, тінту кезінде күдіктілерден атыс қаруы, есірткі заттары, діни бұйымдар, діни әдебиеттер және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Сонымен қатар топ мүшелері балалар мен жасөспірімдерге арнап құрған үш жерасты оқу орталығының қызметі тоқтатылды.
ҰҚК дерегінше, топтың бірқатар мүшесі бұған дейін террористік және өзге де қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін сотталған.