Конституцияға ұсынылған өзгерістер қабылданды
Орталық референдум комиссиясы 5 маусымда өткен референдум қорытындысын жариялады.
Алматы, NEGE. Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров референдумда қабылданған өзгертулер мен толықтырулар күшіне енетінін айтты. Оның айтуынша, республика бойынша дауыс беруге қатысқан азаматтардың 77,18 %, яғни, 6 млн 163 мың 516 адам конституциялық түзетулерді жақтап дауыс берді. Бұл 17 аймақтың әрқайсысында абсолютті көпшілікті құрайды. Ал дауыс берушілердің 18,66 % немесе 1 млн 490 мың 477 адам қарсы дауыс берген.
– Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Осылайша «Республикалық референдум туралы» заңның 31, 34-баптары негізінде еліміздің негізгі заңына ұсынылған өзгерістер қабылданды деп есептеледі, - деді ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.