Көңілдесіне Cartier немесе отбасымен демалыс: министр шенеунікті қай кезде рұқсатсыз фото-видеоға түсіруге болатынын түсіндірді

Құрылтай брифингінде журналист мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтан адамның бейнесін келісімінсіз жариялауға шектеу қоятын түзетулер қалай қолданылатынын сұрады.

NEGE

Астана, NEGE. Журналист мысал ретінде жарты миллиард теңгеге көңілдесіне Cartier әшекейлерін сатып алып жатқан шенеунікті келтіріп, «мұндай кадрларды оның рұқсатынсыз жариялауға бола ма?» деп сұрады. Өйткені мемлекеттік қызметшілер арнайы форма кимейді және олардың қызмет бабында жүрген-жүрмегенін анықтау оңайға түсе бермейді.

Министрдің айтуынша, егер журналист заң бұзушылықты немесе қызметтік әдеп нормаларының сақталмағанын түсіріп алса, шенеуніктің материалды жариялауға келісімін алудың қажеті жоқ.

«Мұны сіздің тараптан жасалған бұрыс әрекет деп санамаймын», – деді министр.

Ал егер шенеунік жұмыстан тыс уақытта балаларымен демалып жүрсе және ешқандай заң бұзбаса, министрдің пікірінше, оның жеке өміріне араласу дұрыс емес.