Қонаев гарнизонында сарбаз төртінші қабаттан құлап, ауруханаға түсті

Қонаев гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметші Санжар Жанат төртінші қабаттың терезесінен құлап, жарақат алды.

Отбасы архивінен

Астана, NEGE. Қазақстан Қарулы күштерінің десанттық-шабуылдау әскерлерінің хабарлауынша, оқиға бүгін, 3 тамызда болған. Сондай-ақ әскери қызметшінің дереу медициналық мекемеге жеткізілгені, оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқаны хабарланды. 

«Оның жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, оқиғаға дейін әскери қызметші әскери қызмет өткеру жағдайына қатысты ешқандай шағым айтпаған. Оқиға қарсаңында оның ата-анасы әскери бөлімге келіп, ұлымен кездескен. Кездесу барысында олардың тарапынан қандай да бір өтініштер немесе шағымдар түспеген», – делінген ведомство хабарламасында.

Алайда сарбаздың туыстары төртінші қабаттан өзі секіріп кетті дегенге сенбейтінін айтып, болған жайтты жіті тексеруді талап етуде.

«Қазіргі жағдайы – жансақтау бөлімінде жатыр, іш құрылысынан дымы қалмаған. Құлағаннан ондай жарақат алуы мүмкін емес», – деп жазды желіде мерзімді әскери қызметшінің туысы.

Бұл факт бойынша Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі қызметтік тексеру тағайындап, арнайы комиссия құрды.