«Коммуналдық аждаһа»: Тоқаев тозған инфрақұрылым туралы айтты
Коммуналдық шаруашылықтағы мәселелер жылдар бойы уақытша шешімдермен ғана жабылып, сала бюджет қаржысын үздіксіз қажет ететін «коммуналдық аждаһаға» айналды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айтты.
Астана, NEGE. Президенттің айтуынша, былтыр басталған коммуналдық және энергетикалық секторды жаңғырту – Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды реформалардың бірі. Бұл қадам ең алдымен әбден тозған инженерлік желілер мен жылу, электр инфрақұрылымын апаттық жағдайдан шығару үшін қолға алынған.
«Қазірдің өзінде қауіпті «қызыл» аймақта тұрған жылу электр станцияларының саны 19-дан 10-ға дейін азайды. Қабылданған шаралардың нәтижесі көріне бастады. Нысандардың апаттық жағдайға тап болу қаупі сейіліп келеді», – деді президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы коммуналдық инфрақұрылымды тек жамап-жасқаумен шектелу мәселені түбегейлі шешпейтінін айтты. Басты міндет – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына инвестиция тартуға мүмкіндік беретін әділ әрі нарықтық жүйе қалыптастыру.
Сондай ақ, коммуналдық саланың ондаған жыл бойы назардан тыс қалғанын, соның салдарынан бұл сектор бюджет қаржысын үздіксіз қажет ететін ауыр жүйеге айналғанын жасырмады.
«Қордаланған түйткілдер күрмеуі қиын күрделі мәселеге ұласты. Бұл сала жыртық-тесігін жанталаса жамап-жасқап, бюджет қаржысын үздіксіз құюға тура келетін «коммуналдық аждаһаға» айналды. Бұған жұрттың еті үйреніп, азаматтар шарасыз күйге түсті.
Соған қарамастан, біздің үкіметтеріміз «авгийдің атқорасын» тазалауға асыққан жоқ. Себебі, мұндай күрделі жұмыс ешкімге жақсы атақ әкелмес еді. Шындықты жасырып, бір сәттік алдамшы жетістіктерге ұмтылу ақырында мемлекетіміз үшін тым қымбатқа түсті.
Шынымды айтайын, жеке абыройымды ойласам, мен де бұл жұмысты келесі басшылыққа ысыра салар едім. Бірақ, халықтың көзі үйренген таптаурын түсініктерге қайшы келсе де, мен үшін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты нәтижеге қол жеткізу бәрінен де маңызды», – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев тариф саясатына да ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, коммуналдық қызметтердің тарифін төмен ұстап тұру қарапайым халыққа емес, керісінше, ресурсты көп тұтынатын ауқатты азаматтар мен делдалдарға тиімді болды. Президент арзан тариф – байларға жасырын субсидия екенін атап өтті.
«Мемлекет көмекке шын мұқтаж адамдарға ғана тікелей, атаулы өтемақы төлеу арқылы қолдау көрсетуге міндетті. Сондықтан, тарифтерді көтеру – ақылға қонымды, яғни тиімді және әділ экономика құру үшін аса қажет қадам. Кім қанша тұтынса, сонша төлейді, қолдауға шынымен зәру адамдарға ғана көмек беріледі. Тарифтер әділетті болуы керек, яғни «неғұрлым көп тұтынған, соғұрлым көп төлейді» деген қағидат берік орнығуға тиіс», – деді.
Мемлекет басшысы коммуналдық саланы реформалау елдің ресурстарын әділ бөлудің және заманауи инфрақұрылым қалыптастырудың басты шарты екенін атап өтті.