Колонияларда мобильді сигнал қуатын шамадан тыс асырған үш операторға айыппұл салынды
Beeline, Kcell және Tele2 Қостанай облысындағы үш колонияда ұялы байланыс сигналын шамадан тыс арттырғаны үшін айыппұл арқалады.
Астана, NEGE. Облыстық прокуратура мемлекеттік радиожиілік қызметі, қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және байланыс операторларының өкілдерімен бірлесіп, жаза өтеу мекемелерінің аумағындағы сигнал деңгейін өлшеген.
Тексеру барысында үш мекеменің аумағында үш оператордың да сигнал деңгейі рұқсат етілген мөлшерден асып кеткені анықталды.
Қылмыстық-атқару кодексінің 97-бабына («Жазаны өтеу режимінің негізгі талаптары») сәйкес, байланыс операторлары жаза өтеу мекемелері аумағында радиосигналдың таралу деңгейін төмендету үшін уақытылы әрекет етіп, тиісті шаралар қабылдауға міндетті болған. Алайда бұл талаптар орындалмаған.
Осыған байланысты үш операторға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 637-бабы 1-бөлігінің 16-тармағы – «Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша айыппұл салынды.
Прокуратура өкілдерінің хабарлауынша, бұған дейін 2011 жылдан бері колонияда жазасын өтеп жатқан сотталған адам Петропавлдағы түзеу мекемесінен шықпай-ақ, бопсалау қылмысына сыбайлас болған. Оның сыбайластары екі ер адамды саунада қамап, олардан ақша талап еткен. Қысым көрсету үшін олар сол кезде түзеу мекемесінде отырған сотталған адамды бейнеқоңырауға қосқан. Қысымға ұшыраған ер адамдар онлайн несие рәсімдеп, бірі 300 мың теңге, екіншісі 145 мың теңге берген.