«Көліктер жүзіп барады»: Нөсер жаңбырдан Алматы көшелерін су басты
Алматыда 16 сәуірде басталған нөсер жаңбырдан аулалар мен көшелерді су басты.
Астана, NEGE. Бұған дейін қала әкімдігі Алматыда коммуналдық қызметтер күшейтілген дайындық режиміне көшірілгенін, қолайсыз ауа райы болжамына байланысты жедел әрекет ету шаралары қолға алынғанын хабарлаған еді.
Ал алматылықтар әлеуметтік желілерде екі күн қатар жауған жаңбырдан су басқан аулалар мен көшелерден фото-видеолар бөлісіп, шағымын жеткізуде.
«Алматыда екінші күн қатарынан жаңбыр жауып тұр. Нөсер емес, жай ғана жаңбыр. Екінші күн менің аулам осындай күйде. Мен бүгін жұмысқа бармадым, өйткені үйден шыға алмадым. Бір жақсысы – қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Ал қалған тұрғындар қайтеді?» – дейді желі қолданушыларының бірі.
Тұрғындар қалада жаңбыр суы ағып кететін арықтар жоқ екенін айтып, қайық сатып алуға кеңес беруде.
«Бүкіл қалада осы жағдай. Видеоларға қарасаңыз, Жароков көшесінде жақында ғана асфальт төселген, бірақ бірде-бір жаңбыр суын ағызатын арық жоқ. Ал "Көктем" ықшамауданында жаңбыр суының бәрі тротуарға жайылып кетеді. Неге? Өткені бірде-бір арық жоқ. Қайық сатып алатын уақыт келді», – деп жазады Вероника есімді желі қолданушысы.
Кейбір тұрғындар қалада «бассейн жасағаны» үшін әкімдіктен бір де бір адам жазаланбағанына наразы.
«Әкімдік үйлерді сүрумен әлек. Біздің салыққа осындай "бассейн" жасағаны үшін тым құрығанда бір адамды қылмыстық жауапкершілікке тартса нетті? Көліктер мен автобустар зулап өтіп жатыр, адамдардың басынан аяғына дейін су шашып кеткенінде жұмысы жоқ», – деп базынасын жеткізеді Роза есімді тұрғын.
Қала әкімдігінің дерегінше, жаңбырды ауа райына байланысты 2 700-ден астам жол қызметкері, 104 арнайы техника, 74 мотопомпа және 12 ассенизаторлық көлік, 75 жедел бригада тартылған.
Ал қалалықтар адамдар мен көліктердің «жүзіп жүргенін» айтуда.
«Алматы, бүгін кім қалай және немен "жүзіп" жүрді? Аяқкиіміне су толмаған бақытты жандар бар ма?», – деп сұрайды Анна есімді желі қолданушысы
«Тағы үш күн жаңбыр жауады, келесі жолы ескекаяқ киіп шығамын», – дейді бір тағы бір алматылық желіде.