Көлгінов мектепке Қонаевтың есімін беруге қалай қарайды?
Халыққа есеп беру кезінде елорада әкімі Алтай Көлгіновке мектептердің біріне Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру туралы ұсыныс жасалды. Есеп беру жиыны кезінде Қазақстанның коммунистік халық партиясының өкілі Нұрболат Төреқожа сөз алып, өз ұсыныстарын жариялады.
Алматы, NEGE. «Биыл қазақ еліне еңбегін аямай төккен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 108 жыл толып отыр. Осы көшенің бойында 66-шы мектеп-лицей тұр. Сол мектепке Қонаевтың атын беруіңізді сұраймыз», – деді Төреқожа. Осы кезде залда отырған халық қол шапалақтай бастады. Сондай-ақ, Төреқожа биыл ақиық ақын, соғыс ардагері Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 толып отырғанын еске салып, орталық көшелерінің біріне ақынның атын беруді сұрады.
Қала әкімі Қонаев жайында ештеңе айтқан жоқ. Бірақ Жұбан Молдағалиевке бір көше беруге дайын екенін жеткізді. «Сіз өте жақсы сұрақтар қойдыңыз. Міне, халық та қолдап отыр. Біз соның бәрін ономастикалық комиссия арқылы шығаруды жоспарға бекітейік. Дұрыс айтасыз, биыл Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығы. Қарастырамыз», – деп атап көрсетті Көлгінов.