Көктасжал кен орнына кім иелік еткен? Altyndara дауға жауап берді

«Altyndara» компаниясы Көктасжал кен орнына қатысты меншік құқығы жөніндегі дауға түсініктеме берді.

freepik.com

Астана, NEGE. «Altyndara» компаниясының мәлімдеуінше, Көктасжал кен орнының активтері 2021 жылға дейін Руслан Юнға тиесілі болған. Кейін «Алтай Полиметаллы» және «Теректі Кен Байыту» ЖШС-ларының түпкілікті бақылаушысы Ксения Юн болған. Ал CoreX Holding пен түрік инвесторлары бұл кәсіпорындарға ешқашан иелік етпеген.

Сондай-ақ компания аталған екі серіктестіктен тек өндірістік мүлікті ғана сатып алғанын хабарлады. Мәмілеге кәсіпорындардың үлестері, акциялары мен басқару құқықтары кірмеген.

«Меншік құқығын тексеру нәтижесінде CoreX Holding/Yildirim компаниялары мен өзге де түрік инвесторларының аталған кәсіпорындарға да, олардың мүлкіне де ешқашан иелік етпегені анықталды. Сондай-ақ қолда бар мән-жайлар олардың бұл активтерге қатысты талап қоюына негіз жоқ екенін көрсетеді», – деді компания.

«Altyndara» барлық мәміле қажетті корпоративтік шешімдер негізінде және халықаралық заңгерлік кеңесшілердің қатысуымен жүзеге асырылғанын атап өтті.

Компания БАҚ өкілдерін ақпарат жарияламас бұрын мәліметтерді құзыретті мемлекеттік органдар арқылы тексеруге шақырды.