Көкшетаудағы екі сот қызметкерінің өлімі: полиция бір іс тоқтатылғанын хабарлады

Көкшетау қалалық сот әкімшілігінің басшысы болған Аян Дүйсековтің өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша іс жүргізу тоқтатылды.

@abdrakhman.kamilla/tiktok.com

Астана, NEGE. Бұл туралы Ақмола облысының полиция департаменті редакцияның ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Полиция ақпаратынша, Аян Дүйсековтің өліміне қатысты іс бойынша тергеу органының қабылдаған шешімінің заңдылығын прокуратура тексеріп, бекіткен.

Ал Ақмола облыстық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Ақан Дайыркеннің өліміне қатысты іс, ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша тергеліп жатыр.

Алайда екі өлімнің арасында байланыс бар-жоғы, Ақан Дайыркеннің қазасына қатысты кісі өлтіру нұсқасы қарастырылып жатқан-жатпағаны, марқұмның денесінен зорлық-зомбылық белгілерінің табылған-табылмағаны және сот-медициналық сараптама қорытындысы туралы сұрақтар сол күйі жауапсыз қалып отыр. Сондай-ақ Ақан Дайыркеннің Аян Дүйсековтің өлімі бойынша жауап берген-бермегені және екі іске қатысы болуы мүмкін күдіктілердің бар-жоғы да нақтыланбаған.

Еске салайық, Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы болған Аян Дүйсеков қыркүйекте қайтыс болған. Отбасы Дүйсековтің соңғы айларда жұмыста моральдық және психологиялық қысымға ұшырағанын, небәрі бірнеше ай тұрған қызметтік пәтерінен мәжбүрлеп шығару мәселесі көтерілгенін айтып, осы жайттарды тексеруді талап еткен еді.

Редакция мән-жайды анықтау үшін Бас прокуратураға, облыстық сотқа ресми сауал жолдаған болатын. Соттағылар Дүйсековті қызметтік тұрғын үйден шығару туралы мәселе қаралмағанын, оған қандай да бір қысым көрсетілмегенін мәлімдеді.

Ал қазан айының аяғында Аян Дүйсековтің әріптесі Көкшетауда облыстық сот жүйесінің бас маманы болып қызмет атқарған Ақан Дайыркеннің мәйіті табылды. NEGE дереккөзінің айтуынша, Ақан Дайыркен осы оқиғадан бір айдан астам уақыт бұрын Аян Дүйсековтің мәйітін алғашқылардың бірі болып тапқан. Дүйсековтің жесірінің айтуынша, қаза болған азаматтар дос болған.