Көкшетауда тағы бір суицид оқиғасы тіркелді: аурухана маңынан ер адамның мәйіті табылды
25 қарашада Көкшетау қаласындағы медициналық мекеме аумағынан 45 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Облыстық полиция департаменті ақпаратты растады.
Астана, NEGE. Куәгерлердің мәлімдеуінше, ер адам аурухана терезесінен құлап кеткен.
«Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам өз-өзіне қол жұмсаған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді», – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.
Айта кетейік, күз басынан бері бұл Көкшетау қаласында тіркелген үшінші оқиға болып отыр.
Қыркүйекте Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы болған Аян Дүйсеков өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болды. Отбасы Дүйсековтің соңғы айларда жұмыста моральдық және психологиялық қысымға ұшырағанын, небәрі бірнеше ай тұрған қызметтік пәтерінен мәжбүрлеп шығару мәселесі көтерілгенін айтып, осы жайттарды тексеруді талап еткен еді.
12 қарашада облыстық полиция департаменті Аян Дүйсековке қатысты өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша іс жүргізу тоқтатылғанын хабарлады.
Ал қазан айының аяғында Аян Дүйсековтің әріптесі Көкшетауда облыстық сот жүйесінің бас маманы болып қызмет атқарған Ақан Дайыркеннің мәйіті табылды. NEGE дереккөзінің айтуынша, Ақан Дайыркен осы оқиғадан бір айдан астам уақыт бұрын Аян Дүйсековтің мәйітін алғашқылардың бірі болып тапқан. Дүйсековтің жесірінің айтуынша, қаза болған азаматтар дос болған.
Облыстық полиция қызметі Ақан Дайыркеннің өліміне қатысты іс өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша тергеліп жатқанын мәлімдеді.