Көкшетауда қаза болған Аян Дүйсековті тұрғын үйден шығару туралы мәселе қаралмаған – сот

Көкшетау қалалық соты әкімшіcінің басшысы болған 27 жастағы Аян Дүйсековтің қазасына байланысты Ақмола облыстық сот өкілдері түсініктеме берді. Соттағылар Дүйсековті қызметтік тұрғын үйден шығару туралы мәселе қаралмағанын, оған қандай да бір қысым көрсетілмегенін мәлімдеді. 

@abdrakhman.kamilla/tiktok.com

Астана, NEGE. Бұған дейін Аян Дүйсековтің туыстары соңғы айларда оның жұмыста моральдық және психологиялық қысымға ұшырағанын және әділетсіз тәртіптік жаза қолданылып, отбасымен небәрі бірнеше ай тұрған қызметтік пәтерінен мәжбүрлеп шығару мәселесі көтерілгенін айтып, осы жайттарды тексеруді талап еткен еді.

 «Қызметтік тұрғын үйді пайдалану мәселесі белгіленген тәртіппен реттелген. Оған қызметтік тұрғын үйден шығару туралы хабарлама берілген жоқ және мұндай мазмұндағы ресми шешім қабылданбаған. Аян Дүйсековтің жұмыс орнында моральдық-психологиялық қысым көрсетілгені туралы оның тарапынан облыстық сот басшылығына шағым немесе өтініш түскен жоқ», – делінген облыстық соттың редакциямыз жолдаған сауалына берген жауабында.

Айта кетейік, жауап Ақмола облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы Данияр Сапарбектің атынан келді.

Аян Дүйсеков Көкшетау қалалық соты әкімшіcінің басшысы қызметіне 2024 жылдың 10 маусымында тағайындалып, бұл қызметті қайтыс болғанға дейін атқарған.

Соттағылар Аян Дүйсековке еңбек тәртбін бұзуына байланысты тәртіптік жаза қолданылғанын растады. Оған «еңбек тәртібін сақтау мәселелеріне қатысты анықталған нақты мән-жайлар негіз болған» дейді. Сондай-ақ тәртіптік шара қолдану барысында белгіленген рәсімдер сақталып, Аян Дүйсековтен жазбаша түсініктеме алынған көрінеді.

«Аталған тәртіптік жазаға қатысты А. Дүйсеков заң талаптарына сәйкес белгіленген мерзімде тиісті бұйрықпен жазбаша танысты, сондай-ақ шағым келтіріп, қарсылық білдірген жоқ. Егер қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, оған Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 91-бабына сәйкес шағымдануға құқылы. Жоғарыда көрсетілгендей, мұндай мазмұндағы өтініштер облыстық сот басшылығына түскен жоқ», – дейді облыстық сот өкілдері. 

Сонымен қатар сот өкілдері облыстық сот басшылығы тарапынан Аян Дүйсековке қандай да бір қысым көрсетілгені туралы фактіні теріске шығарды. Соттағылар онымен қызметтік қарым-қатынас өзара сыйластыққа негізделген, іскерлік сипатта болғанын атап өткен.

«Жұмыс орнында моральдық-психологиялық қысым көрсетілгені туралы мәліметтерді растайтын фактілерге ие емеспіз. Сонымен бірге, қайғылы оқиғаның себептері мен оған әсер етуі мүмкін барлық мән-жайларға түпкілікті құқықтық баға беру тергеу органдарының құзыретіне жатады. Осыған байланысты түпкілікті қорытынды жасамай, тексеру нәтижелерін күту қажет деп санаймыз», – делінген сот жауабында.

Бұл ретте соттағылар Аян Дүйсековтің қайтыс болуына байланысты құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеп-тексеру іс-шараларына қажетті көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ қазіргі уақытта сот тарапынан негізгі басымдық қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі объективті анықтауға жәрдемдесу екені атап өтілген.

 Cонымен қатар сот жауабында қазақы дәстүрге сай, марқұмның отбасына көңіл айтылып, судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің жеке қаражаттары есебінен қаржылай көмек көрсетілгені, заңнамада көзделген тәртіппен оның отбасы мүшелеріне тиісті біржолғы жәрдемақы төленетіні айтылған.

«Қазіргі уақытта аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда. Осыған байланысты тергеу аяқталғанға дейін оқиғаның себептері мен мән-жайлары бойынша түпкілікті және бір жақты қорытынды жасауға, сондай-ақ әлеуметтік желілерде таралған мәліметтерді расталған факт ретінде қабылдамауға шақырамыз», – дейді облыстық сот өкілдері. 

Еске салсақ, бұған дейін облыстық прокуратура өкілдері Аян Дүйсековтің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Қадағалаушы орган істің маңызы бар мән-жайларын анықтау үшін қажетті ақпарат пен материалдар сұратылып, тиісті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатқанын хабарлады.