Қоғамдық орында намазхана ашуға бола ма?
Threads желісіндегі бір азаматтың «Urbo Coffee» кофеханасында келушілерге намаз оқуға тыйым салынғаны және бұл үшін «әкімдік тарапынан айыппұл салынатыны» туралы жазбасы қызу талқыға түсті.
Астана, NEGE. Осы жағдайға байланысты Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы аталған мекеменің әкімшілігіне заң талаптарын түсіндіріп, профилактикалық әңгімелесу жүргізгенін хабарлады. Онда заң бойынша намазхана ашуға тыйым жоқ екені, алайда оны ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік, санитариялық және нормативтік талаптардың қатаң сақталуы керектігі жеткізілген.
Заң не дейді: Тыйым бар ма?
Басқарма берген ресми ақпаратқа сәйкес, қоғамдық тамақтану орындарында келушілерге арналған намаз бөлмесінің болуына Қазақстан заңнамасында тікелей тыйым салынбаған.
«"Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" ҚР Заңының 7-бабы 2-тармағына сәйкес, Құдайға құлшылық ету, діни жоралар, рәсімдер және (немесе) жиналыстар ғибадат үйлерінде (ғимараттарында) және оларға бөлінген аумақта, құлшылық ету орындарында, діни бірлестіктердің мекемелері мен үй-жайларында, зираттар мен крематорийлерде, жақын жерде тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделері сақталған жағдайда тұрғын жайларда, сондай-ақ қажет болған кезде қоғамдық тамақтандыру объектілерінде кедергісіз жүргізіледі (жасалады)», – делінген мәлімдемеде.
Десе де, басқарма қоғамдық тамақтану орындарындағы намазханалар объектінің негізгі қызметіне кедергі келтірмеуі және басқа келушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауы тиіс екенін атап өтті.
Намазхана ашудың негізгі талаптары қандай?
Егер коммерциялық нысандағы намаз оқитын орын арнайы «ғибадат үйінен тыс жерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жай» мәртебесінде ұйымдастырылса, ол ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрінің № 89 бұйрығымен бекітілген нұсқаулықтың 8-тармағына сәйкес келуі тиіс:
- Бөлменің жалпы ауданы 20-дан 100 шаршы метрге дейін болуы және дәрет алуға арналған арнайы санитарлық тораппен қамтамасыз етілуі қажет.
- Үй-жай аумақты толық қамтитын және күзет пультына тікелей шығатын бейнекамералармен жабдықталуы тиіс.
Жеке ұйымның ішкі ережесі конституциялық құқықты шектеудің негізі бола алмайды
ҚР Конституциясының 22-бабында әр азаматтың ар-ождан бостандығына кепілдік беріледі. Яғни әрбір азамат кез келген дінді ұстануға, діни ритуалдар мен заңды діни қажеттіліктерін еркін орындауға немесе ешқандай дінді ұстанбауға хақылы.
Заңгер Айгерім Құсайынқызының айтуынша, азаматтардың конституциялық ар-ождан бостандығы мен коммерциялық орындардың ішкі ережелері немесе мемлекеттік шектеулер қақтығысқанда, заңдық иерархия бойынша басымдық әрдайым Конституция мен азаматтың негізгі құқықтары тарапында болмақ.
«Конституциялық құқықтың болуы оны кез келген кеңістікте және кез келген нысанда шектеусіз жүзеге асыруға болады дегенді білдірмейді. Сондай-ақ, коммерциялық объектінің меншік иесі немесе иеленушісі объектінің функционалдық мақсатына сәйкес ішкі тәртіп ережелерін белгілеуге құқылы. Алайда жеке ұйымның ішкі ережесі өздігінен негізгі конституциялық құқықты шектеудің дербес құқықтық негізі бола алмайды. Сол себепті “әкімдік солай айтты”, “камерадан көріп айыппұл салады” немесе “бізде осындай ішкі тәртіп” деген уәждер өздігінен конституциялық құқықты шектеуге жеткілікті құқықтық негіз емес», – деді сарапшы.
Заңгердің айтуынша, мұндай жағдайды бағалау кезінде бірнеше негізгі мәселеге назар аудару қажет. Атап айтқанда, шектеудің заңда нақты негізі бар-жоғын, оның қандай конституциялық құндылықты қорғауға бағытталғанын, көзделген мақсатқа неғұрлым жұмсақ шаралар арқылы қол жеткізуге болатын-болмайтынын және ар-ождан бостандығына қойылған шектеудің қоғамдық мақсатқа қаншалықты сай келетінін анықтау қажет.
Кафеде намаз оқығаны үшін айыппұл төлете ме?
Заңгердің айтуынша, кафеде келушілерге намаз оқуға мүмкіндік беру мен арнайы діни орын ашу – екі бөлек нәрсе. Сондықтан мұндай жағдайда кәсіпкерге автоматты түрде айыппұл салуға болмайды.
Егер мемлекеттік орган ӘҚБтК-нің 490-бабы бойынша жауапкершілікке тартқысы келсе, нақты қандай әрекет заңға қайшы екенін және қай талаптың бұзылғанын дәлелдеуі керек.
«Мемлекеттік орган нақты норманы, нақты тыйымды және әрекет пен құқықбұзушылық құрамы арасындағы заңдық байланысты көрсетуге міндетті. Кәсіпкердің нақты қандай әрекеті қай нормативтік құқықтық актінің қай нормасын бұзады және бұл әрекет ӘҚБтК-нің қай бабының қай бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамының қандай объективтік және субъективтік белгілеріне сәйкес келеді?» – деді заңгер.
Егер мемлекеттік орган бұл сұраққа құқықтық тұрғыдан нақты және дәлелді жауап бере алмаса, онда әкімшілік жауаптылыққа тартудың заңдылығы да негізді күмән туғызады.