Қоғам ізгілігінің қорғаны
«Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген халқымыздың даналығының астарында бүтін бір мемлекеттің болашағы жатыр. Ұрпағын тәй-тәй басқаннан адалдық пен еңбекқорлыққа тәрбиелейтін бабаларымыздың тәлімінің сабақтастығы бүгінде «Адал Азамат» жобасының мақсатымен ұштасуда. Осы жоба аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі іс жүзінде ауқымды жұмыстар атқарып жатыр.
Ұлы Даланың тағдыры жалаң ұран, жалаулы науқаншылдықпен шешілмейтіні әлдеқашан дәлелденген. Жасыратыны жоқ, біз айтып отырған науқаншылдыққа негізделген көптеген идеялардың игілігін көре алмадық. Әділетті Қазақстанды да әлжуаз идеялармен құра алмайтынымызға көз жетті. Алайда, мақсатымыз – айқын, мұратымыз – асыл. Айқын мақсат – Тәуелсіздігімізді тұғырлы, асыл мұратымыз – елдігімізді ғұмырлы ету!
Әділетті қоғам әдемі сөзбен емес, бекем бірлік, нақты іспен ғана құрылатынын уақыт өзі дәлелдеп отыр. Бүгінгі қоғамның тыныс-тіршілігі, әділетті қоғам құру жолындағы барлық іс-әрекетіміз – ертеңгі тарих. Болашақ ұрпақ, ертеңгі тарих алдында ұялмауымыз үшін құндылықтарға маңыз беріп, қоғамды ізгілендірудің іркіліссіз жолын іздеуге тиіс едік. Сол жолды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев нұсқады.
Ұлттық Құрылтайдың Атырауда өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Мен ұсынған «Адал Азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге, бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек.
Адал Азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал Азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды», – деген болатын.
Мемлекет басшысының бұл сөзінің астарында тарихи талап, салмақты жауапкершілік бар. Бұл талап пен жауапкершілік барша қазақстандықтардың үмітін үкілендіріп, сенімін серпілтіп тастады. Өміршең мүмкіндіктерге ашылған жолды мүлт жібермей аңдаған Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі Президент ұсынысына қолдау көрсетіп, «Адал Азамат» жобасына бастамашы болды. Осы жобаның жетекшісі ретінде, ізгі бастаманың мақсаты мен маңызы жайлы ой тербетіп, сөз қозғауымның артықтығы болмас...
Мойындауымыз керек, дәл қазіргі уақытта біздің қоғам ұлттық құндылықтардан біржола қол үзіп қалу қаупімен бетпе-бет келіп отыр. Қоғамды алаңдатып, күн тәртібінен ығыспай тұрған осы бір өзекті мәселені ушықтырмай шешу уақыт пен жауапкершілікті қажет ететіні бесенеден белгілі. Оның сыртында, әлемнің бірқатар елдерінде шиеленісіп тұрған геосаяси ахуал бейбітшілік бесігінде тербелген біздің елге де қауіпсіздікке бекем болуды емеурін етеді. Ол үшін қоғамда бірлік пен тұрақтылықты нығайтып, әділдік пен заң үстемдігін орнықтыру қажет. Сондай-ақ, ырысты ынтымақ пен берік тәртіп, жауапкершілік құндылықтарына негізделген жаңа қоғамдық этика қалыптастыру міндеттері туындайды. Сонымен қатар, біз өскелең ұрпақ бойына отансүйгіштік рух пен адамгершілік қасиеттерді тек қана ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы ғана сіңіре алатынымызды уақыт өзі меңзеп отыр. Ал, осының барлығы «Адал азамат» жобасының негізгі бағыттарында толық қамтылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде: «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек», – деп атап өтті. Мемлекет басшысының осы бір оймақтай ғана ойында тұғырлы тұжырым, маңызды мақсат жатыр. Ұлттық Құрылтай отырысы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында Президент жүктеген міндеттерден тамыр тартқан «Адал Азамат» жобасы тұтастай қоғамдық сананы Отан игілігі жолындағы ортақ мүдделерге ой жұмылдыруға шақырады.
«Адал Азамат» жобасы атауы айтып тұрғандай, даму баспалдақтарының әр белесінде тек адалдық арқылы ғана мақсатқа жетуге болатындығын меңзейді. Сонымен қатар, қоғамды ізгілікке үндеу, әрбір азаматтың жан дүниесіне, санасына ұлттық бірегейлік пен құндылық ұғымының маңызын сіңіру де – «Адал Азамат» жобасының басты бағыттары. Яғни, қоғамда патриотизм, адамгершілік, білімге құштарлық, кәсіби біліктілік, үнемшілдік, еңбекқорлық, туған жері мен еліне деген құрмет, отбасына деген сүйіспеншілік секілді қасиеттерді дәріптей отырып, жалпы қоғамға жаңаша форматта ықпалы етуді көздейміз.
Тура біз айтып отырған құндылықтар мен «Адал Азамат» жобасы ұстанып отырған бағыт бір-бірімен лайықты сабақтасып, байыпты бағдарламаға айналғалы отырғаны көңіл қуантады. Бұл бастамаға Ассамблеяның Ақсақалдар кеңесінің ұйытқы болуы да ұтқыр қадам дер едім.
Бүркемелеудің қажеті жоқ, қоғамда өзекті проблемалар өте көп. Әсіресе, руханият төңірегінде, ұрпақ тәрбиесі мәселесінде, мемлекеттік тіл, мәдениет пен өнер тақырыбында сөз қозғай қалсақ, міндетті түрде мініміз айтылып, «сырымыз ашылып» қалып жатады. Міне, Президент ұсынған, Ақсақалдар кеңесі қолдаған «Адал Азамат» жобасының діттеген мақсаты – осынау олқылықтардың орнын толтыру.
Құрылтай отырысында да, Ассамблея сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік идеологияның негізгі бағыттары туралы ой сабақтай келе қоғамды алаңдатып отырған әлеуметтік бес кеселге назарымызды аударғанын жақсы білесіздер. Әсіресе, жас ерекшелігі бойынша еліккіш келетін жастарымызды ойын да, бойын да осы бес кеселден арашалау бағытындағы міндеттер межесін белгілеп, мақсаттар легін айқындап берді. Бұл бағытта да біздің қоғам өмір мектебінде шыңдалған ақсақалдар институтының бай тәжірибесі мен биік парасатына жүгінуге мүдделі.
Жалпы, қандай жағдайда да ақсақалдар парасатынан сабақ алып, ақсақал төрелігіне жүгіну – қазақ қоғамында ежелден бар тәрбиелік мектеп. «Ауылыңда ақсақал болса – жазып қойған хатпен тең» деп, халық даналығында айтылғандай, Ақсақалдар кеңесі белгілі бір өңірдегі ресми орган немесе қоғамдық ұйым ғана емес, данышпандықтың бастауы, даналықтың мектебі, көңіл көктемінің шуағы, өмір мектебінің қуаты болуы шарт. Ақыл мен парасаттың ордасына айналып, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосуға ниетті Ақсақалдар кеңесінің қоғам тынысындағы маңызды рөлі өте қысқа мерзімде айқындалып, нәтижелі қызметі нақтыланып үлгерді.
Қарағанды облыстық Ақсақалдар кеңесі де өз жұмысының бағыт-бағдарын Президент жүктеген міндеттер негізіне орайластырып, Кеңес ақылдастар алқасының шешімімен «Адал Азамат» жобасын іске асыруға кірісіп отыр. Жақында ғана «Адал Азамат» жобасының 2024-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітіліп, барлық бағыттар бойынша мақсат-міндеттер белгіленді. Жоба барысында Ақсақалдар Кеңесі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, ғылым және жоғары білім министрлігі, Оқу-ағарту министрлігімен, Астана, Алматы, Шымкент қаласы әкімдіктерімен, барлық облыс әкімдіктерімен және «Темекісіз», «Есірткісіз болашақ», «Республикалық Әкелер кеңес» қоғамдық ұйымдарымен әріптестік орнату арқылы жарқын болашақ үшін маңызды жұмыстар атқару жоспарланған.
Іс-шаралар жоспарында «Адал азамат» жобасының қоғамдық мәні мен тарихи маңызын қамтитын бірнеше бағыт белгіленді. Мәселен, жобаның әдістемелік нұсқамасынан бастап, қоғамдағы ақсақалдар парасатының маңызын арттыру, өмір мектебінде шыңдалған өнегелі өмір тәжірибесін қоғам кәдесіне жарату, жас ұрпақ бойына патриоттық рух сіңіре отырып, оларды жаман әдеттерден аулақ болуға шақыру, «Адал азамат» жобасының мән-маңызын насихаттау жұмыстарына ақпараттық қолдау көрсету деген секілді өміршең бағыттардың барлығы қамтылып отыр.
Мұның барлығы Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасының талаптарына толық жауап бере алады.
Түйіндей айтқанда, Мемлекет басшысы ұсынып, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі тарапынан қолдау тапқан «Адал Азамат» жобасы қоғам ізгілігінің қорғанына айналуда. Экономиканың басқа салалары секілді, қоғамды ізгілендіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мәселесі де ел дамуының жетекші бағыттарының бірі болып қала бермек. Тәуелсіздігіміз ғұмырлы, елдігіміз тұғырлы болуы үшін тарихи мән-маңызға ие бұл міндеттер жүйелі түрде жүзеге асырылуы қажет. Сонда ғана, біздің қоғам жемқорлықтан арылып, жастарымыз Президент атап өткен бес кеселден аулақ болары сөзсіз. «Адал Азамат» жобасы Әділетті Қазақстан құру бағытындағы мақсат-міндеттердің бағдаршамына айналатын күн жақын. Менің бұл пікірім науқаншылдықтың емес, намыстың өлшеміне айналып, замандастарыма ой салса екен деген ізгі ниетпен ойымды қорытындылайын...
Әділетті Қазақстан идеясының бойтұмары да, ойтұмары да – «Адал Азамат» қағидаты!
Алтынбеков Бекзат Қомарұлы,
Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі