Қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың ісі сотқа жетті

Белсенді әрі блогер Санжар Боқаевтың ісі бүгін, 11 қыркүйекте, Алмалы аудандық сотына түсті.

instagram.com/sanzhar_bokayev

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Боқаевтың қорғаушысы Радмир Өтепов хабарлады.

«Алғашқы сот отырысы қашан өтетіні әзірге белгісіз. Жаңалық болған жағдайда, хабарлап айтамыз», – деп мәлімдеді адвокат әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еске салсақ, биыл 18 наурызда Бас прокуратура Алматы қаласында белсенді Санжар Боқаевтың ұсталғанын хабарлады. Прокуратура мәліметінше, ол әлеуметтік желілерде қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында жалған ақпарат таратқан, яғни жекелеген тұлғалардың қоғамдық саябақтарда ағаштарды заңсыз кесуі және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлауы туралы бейнематериалдар жариялаған деп айыпталып отыр.

Тергеу нұсқасы бойынша, Боқаев ағаштарды кесуді өзі ұйымдастырып, қаржыландырған. Бұл іске «табысы төмен адамдарды» тартып, оларға сыйақы беруге уәде еткен.

Сондай-ақ ол аса ірі көлемдегі қаражатты алаяқтық жолмен жымқырды деген күдікке ілінген.