Кландар бірікпей, Қазақстан ӘЧ-ге шыға алмайды – Ермұхамед Мәулен

Қазақстандық спорт журналисі Ермұхамед Мәулен Қазақстан футболындағы түрлі ықпал топтарының өзара келіспеушілігі ұлттық құраманың нәтижесіне кері әсер етіп отырғанын айтты. Оның пікірінше, футболдағы ішкі алауыздық жойылмайынша, Қазақстан құрамасының әлем чемпионатына жолдама алуы қиын.

Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Танымал спорт журналисі «Бірінші бол» YouTube арнасына берген сұхбатында Қазақстан футболындағы ахуалды ашық сынап, әр өңірдің өз ықпалды тобы бар екенін, сол топтар бір-бірімен келіспей, ортақ шешімге келе алмай отырғанын жеткізді.

«Біздің қазақ футболы жік-жікке бөлініп кеткен, клан-кланнан тұрады. Семей жақта Уранхаевтар бастаған топтар бар. Оңтүстікте Ұлықбек Асанбаевтар, Қайрат Боранбаевтар бар. Солтүстікте де өз алдына жұмыс істейтін адамдар бар. Алишер Апсалямовтар бөлек, Санжар Сейтқазиновтар бөлек жұмыс істейді. Астанада Саян ағамыз бар... Солар бірікпей, жұдырық болмай, бес саусақтай жұмылмайынша, Қазақстан ұлттық құрамасы да жетістікке жетпейді, Қазақстанда футбол да дамымайды», – деді Ермұхамед Мәулен.

Сондай-ақ Ермұхамед Мәулен Қазақстан футболында әлем чемпионатына шыққан Өзбекстанның жетістігінен сабақ алынбай отырғанын сынға алды.

«Ешкімнің намысы оянбады. Өзбек бауырларымыз әлем чемпионатына шықты, біз шыға алмадық. Еуропада жүріп, қаншама қаражат құйып, ресурсымыз бар, адами капиталымыз бар, бірақ біз тұйықтамыз. Неге осы мәселені ешкім айта алмады? Себебі намыс жоқ, қазақ футболын ойлайтын адам жоқ. Бұл қашанға жалғаса береді? Қашан ұлттық құрама Әлем чемпионатына шығады?» – деді ол.

Оның айтуынша, қазір футболдағы түрлі топтар бір-бірімен текетіресіп, кадрлық шешімдерге ықпал етуге тырысады. Журналист мұндай жағдай ұлттық құраманың нәтижесіне ғана емес, жалпы футбол жүйесінің дамуына да кері әсер етіп отырғанын атап өтті.