КҚК терминалында мұнай тиеу тоқтатылып, Қазақстанда өндіріс көлемі уақытша азайды

Қара теңіздегі жағдайға байланысты Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында мұнай тиеу операциялары уақытша тоқтатылды. Соның салдарынан Қазақстандағы мұнай өндіруші компаниялар тәуліктік өндіріс көлемін азайтты, деп хабарлады Энергетика министрлігі.

cpc.ru

Астана, NEGE. Ведомство мәліметінше, мұнай тиеу жұмыстары Қара теңіз акваториясындағы кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тоқтатылған.

ҚКК-ның өндірістік және техникалық нысандары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Министрлік жағдай тұрақталғаннан кейін мұнай тиеу операциялары қайта басталатынын мәлімдеді.

Құбыр жүйесіне мұнай қабылдау шектелгендіктен, резервуарлардың шамадан тыс толып кету қаупі туындаған. Осыған байланысты мұнай өндіруші компаниялар тәуліктік өндіріс көлеміне жоспарлы түзету енгізген.

«Соның нәтижесінде мұнай өндіру көлемі уақытша төмендеді. Бұл шара технологиялық сипатқа ие және өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған», – делінген министрлік хабарламасында.

Энергетика министрлігі ҚКК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен, кеме иелерімен және мемлекеттік органдармен тұрақты байланыста екенін атап өтті.

Қазір кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қазақстандық мұнай экспортын әлемдік нарықтарға мүмкіндігінше қысқа мерзімде қалпына келтіру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.