КҚК-ға жасалған соққыларды қолдау: Терроризм немесе опасыздық деп бағалауға негіз жоқ
Қазақстанда әлеуметтік желілерде Каспий құбыр консорциумының (КҚК) нысандарына жасалған соққыларды қолдаған жазбалар мен пікірлерге қатысты психологиялық-филологиялық сараптама тағайындалды. Бұл туралы вице-премьер Аида Балаева мәлімдеді.
Астана, NEGE. 2025 жылғы 17 желтоқсанда Астана қаласының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 174-бабы «әлеуметтік, ұлттық алауыздықты қоздыру» бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұған белгісіз тұлғалардың әлеуметтік желілерде КҚК-ға жасалған шабуылды жақтаған жазбалары себеп болды.
«Жарияланымдар мен пікірлер бойынша психологиялық-филологиялық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы аталған пікірлерді жариялаған тұлғаларды анықтап жатыр.
Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы бұл әрекеттерді Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 175 және 256-баптары бойынша айыптауға негіз жоқ деп тапты. Тергеу барысы Ішкі істер министрлігінің бақылауында», – деді Балаева.
ҚР ҚК-нің 175-бабы мемлекеттік опасыздық үшін, ал 256-бабы терроризмді насихаттағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Яғни, аталған жазбаларды орналастырған тұлғаларды бұл баптар бойынша жауапқа тартуға негіз жоқ.
2025 жылғы қарашаның соңынан бері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мұнай құбырлары мен экономикалық қауіпсіздік үшін аса маңызды өзге де инфрақұрылым нысандарын жоюды қолдауға болмайтыны туралы 2,7 мыңнан астам материал мен жазба жарияланған.