Қызылшаның өршуі: Елімізде 6 айлық сәбилерді вакцинациялау басталды
Қазақстанда кішкентай балалар арасында қызылша өршіп тұр. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ата-аналарды вакцина салдыру арқылы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.
Астана, NEGE. Бұған дейін қызылшаға қарсы вакцинацияның стандартты кестесі бойынша балаларға бірінші доза 12 айдан (1 жас) бастап салынып келген. Екіншісі (ревакцинация) жоспар бойынша мектепке дейін, 6 жаста қойылады.
Қызылшаның өршуін тоқтату үшін елімізде 6–10 айлық балаларды қосымша вакцинациялау кезеңі басталды. Сондай-ақ жоспарлы екпені өткізіп алған балаларды да вакцинациялау ұйымдастырылуда.
«Қазіргі таңда сырқаттанушылықтың өсу қарқыны төмендегені байқалады, дегенмен жағдай баршамыздың ортақ жауапкершілігімізді талап етеді.
Сенімді қорғанудың жалғыз жолы – вакцинациялау. Оның қауіпсіздігі мен тиімділігі көпжылдық тәжірибемен дәлелденген», – дейді Ақмарал Әлназарова.
Қазақстанда қызылшаға қатысты мәселелер осыдан үш жыл бұрын туындады. 2023 жылы қызылша қатты өршіп, соңғы ондаған жылда болмаған жағдай тіркелді.
Сарапшылардың айтуынша, негізгі себеп – вакцина алмаған балалардың жиналып қалуы. Бұған ата-аналардың жоспарлы түрде екпеден бас тартуы да, сондай-ақ COVID-19 пандемиясы кезінде вакцинацияны өткізіп алуы себеп болған.
Қазір вирус, әсіресе, екпені уақытында алмаған 5 жасқа дейінгі балалар арасында кең таралуда. Жоспарлы вакцина жасына (Қазақстанда – 1 жас) әлі жетпеген балалар осал топқа жатады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қызылшаның күрт өсуі тіркелген өңірлерде вирустың таралуын тоқтату үшін вакцинация жасын 6 айға дейін төмендетуді ұсынады.