4 ноября 2022 г. 14:07

«Қызылорда-Жезқазған» автожолы қашан салынады?

Фото:

28 қыркүйектегі Мәжілістің жалпы отырысында Ғалым Әміреев «Қызылорда-Жезқазған» автожолын салу мәселесі бойынша ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдаған еді. Депутаттың айтуынша, аталған автожолды салу 2021-2024 жылдарға жоспарланған. Алайда оның екі жылы өтсе де 424 км жолға мердігерлерді анықтау әлі аяқталмаған.

Алматы, NEGE. «20 жылда қызылордалықтар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын салу мәселесін үнемі көтеріп келеді. Осы автожолды салуға жоспарланған төрт жылдың биыл екі жылы бітеді, ал жұмыс, тіпті, нақты басталған жоқ. Жауапкершілік қайда? Алты лоттың тек төртеуі бойынша мердігерлер анықталды, ал басқалары бойынша конкурстар нәтижесі жоқ. Осыған шұғыл түрде шаралар қабылдауды сұраймыз», – деді Ғ.Әміреев.

Ал Роман Скляр жауабында конкурстық рәсімдер нәтижесінде былтыр 76 км-ден 216 км-ге дейін 4 лоттың құрылыс жұмыстарына мердігерлік ұйымдармен келісімшарттар жасалғанын, сол учаскелерде тиісті жұмыстар жүріп жатқанын мәлімдеді.

«2 лот бойынша жолды қайта жаңарту басталған жоқ. 18 сәуірде №1 лот бойынша тендерлік ұсыныстар ашылды, бірақ қатысушылар ұсынған бағалар ЖСҚ құнынан асып кеткендіктен, бұл конкурс тоқтатылды. №2 лот бойынша мердігерлік шарттың бұзылуына байланысты қайта конкурс өткізілді. Жыл соңына дейін жеңімпазды анықтап, тиісті келісімшарт жасасу жоспарланды. ЕҚДБ Қызылорда облысы аумағындағы 219 км болатын 6 учаскені, ал Азия Даму Банкі Ұлытау облысындағы 208 км болатын 4 учаскені қаржыландырады», – деді вице-премьер.

Сондай-ақ ол бүгінде қаржыландыру ұйымы қайта конкурс өткізу мәселесін пысықтап жатқанын, тендерлік құжаттаманы банктің келісуіне қарай осы қарашада жариялау көзделіп отырғанын жеткізді. Р.Склярдың мәліметінше, бұл жұмыс Үкіметтің тұрақты бақылауында және құрылыс-монтаж жұмыстарын 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Тегтер: