Қызылордадағы учаскелік полиция инспекторының өлімі: күдікті қамауға алынды

Қызылорда облысында учаскелік полиция инспекторының өліміне күдікті ретінде 39 жастағы ер адам ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. 

Видиодан кадр/instagram.com/kzo_pd

Астана, NEGE. Бұл жөнінде облыстық полиция қызметі хабарлады. Күдікті Арал ауданының тұрғыны болып шықты.

«Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген ведомство хабарламасында.

Еске салсақ, бұл оқиға биыл 31 тамызда болған. Полицейлердің хабарлауынша, ер адам жанжал кезінде учаскелік инспекторға дене жарақатын салып, салдарынан полицей қаза болған. Оның денесі ертесіне жеке үйдің ауласындағы гараждан табылған. Оқиға кезінде  полиция қызметкері еңбек демалысында жүрген.

Сондай-ақ марқұм болған полицейдің күдіктіні бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартқаны мәлім болды.